Қоғам

Полиция көлігі жеңіл автокөлікпен жол апатына түсті: үш адам зардап шекті

Түркістан облысында полицияның арнайы көлігі жеңіл көлікпен соқтығысып, үш адам зардап шекті, деп жазады Zakon.kz.

Оқиға Арыс қаласында болған. Бір науқастың жағдайы ауыр. Жәбірленушілердің айтуынша, тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасын тіркеудің орнына, олардан ақша сұрап, көлікті жөндеп беруді талап еткен.

«Сол соқтығыстан біз инерциямен талға барып соғылдық, ары қарай есеңгіреп, есімнен танып қалдым. Есімді жисам, полиция қызметкерлерінің көлігінде отырмын. ЖКО болғаннан кейін 3-4 сағат сол көліктің ішінде отырдық. Жедел-жәрдем шақырылған жоқ, алғашқы көмек көрсетілмеді… Бізден 1,5 млн теңге ақша сұрады. «Машинаны жөндеп беріңдер», – деді жәбірленушілер.

Қазір екі ер адамның жағдайы тәуір болғанымен, біреуінің халі мүшкіл. Үш күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оны полиция қызметкерлері түнде ауруханаға басқа көлікпен апарған.

Оқиғадан кейін апатқа ұшыраған жеңіл көлік айып тұрағына жеткізілген. Ал қызметтік көлікті полицейлер әуелі қаладағы механик жігіттің үйіне апарған, кейін жөндетпей қайта алып кетіпті.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Қызметкердің заңды талаптарына бағынбау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері тексеріледі. Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – деді Мұхтар Сейділдаев, облыстық ПД анықтау басқармасының бастығы

TuraNews

Back to top button