Пешті ретке келтір, үйіңді өрттен сақта
Қыс мезгілінде өрт саны әдетте арта түседі. Бұған бірнеше фактор себеп болады: пештердің дұрыс пайдаланылмауы және олардың ақаулары, электр құрылғыларына жүктеменің көбеюі, отты абайсыз қолдану. Қауіп-қатерді азайту үшін ШҚО ТЖД құтқарушылары, волонтерлар, полицейлер, әлеуметтік қорғау және білім қызметкерлері алдын алу рейдтерін өткізуде. Үйлердің иелеріне өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелері түсіндіріледі.
«Пештегі жарықтардың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіреміз. Жақсы қожайын жазда пешін, түтін мұржасын сылап, әктеп, күйеден тазартады. Ұмытшақ адамдарға ақауларды уақытында жоюдың маңыздылығын еске саламыз», – деді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
«Пеш пен түтін мұржасы ағаш төсеніштермен түйіскен жерінде қалыңдатылған кірпіш қабаты – оқшаулау болуы тиіс. Сондай-ақ пештің артында отқа төзімді бос кеңістік қалуы керек. Басқаша айтқанда, жанғыш қалқалар мен перделер пешке жақын орналаспауы қажет. Пештің үстіне аяқ киім мен киім қалдыру да қауіпті», – деп қосты Нұржан Өміржанов. Сонымен қатар, пештің есігінің астындағы еденге көлемі кемінде 70х50 см металл парағын бекіту қажет. Бұл еденді пештен түсіп кеткен шоқтан қорғайды. Пештің жанында отын мен қағазды жинауға болмайды. Пештің от жағу тесігі мен жиһаз немесе басқа да тез тұтанатын заттар арасындағы қашықтық кемінде бір метр болуы керек. Қатты аязда пешті аз мөлшерде отынмен екі рет жағу қауіпсіз болады, бір рет мол жағудан гөрі. Пешті тұтату үшін бензин мен басқа да жеңіл тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады.
Құтқарушылар пешті дұрыс пайдаланбау тек өртке ғана емес, адамдардың қаза болуына да әкелуі мүмкін екенін ұмытпауға шақырады. Түтін мен от қана емес, түсі мен иісі жоқ «көрінбейтін өлтіруші» – иіс газы өте қауіпті. Уланудың алғашқы белгісі – адамның қатты басының ауыруы және тұншығу сезімі. Улы газдың жоғары концентрациясы есінен тануға және сал болып қалуға әкеледі.
Жылу беру кезеңі басталғаннан бері ШҚО ТЖД қызметкерлері 90 000-нан астам үйлерді аралап шықты. Әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлеріне шамамен 550 иіс газының датчигі орнатылды. Рейдтер барысында 26 000-нан астам бұзушылық анықталып, оның 11 000-ы пешті жылытуға байланысты болды. ТЖ қызметі мамандарының уақытылы профилактикасы арқасында тұрғындар 22 000-нан астам бұзушылықты жойды.