Денсаулық

Пандемияның алдын алу үшін не жасалуы керек?

«Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты Халықаралық форум (QazBioPharm) барысында спикерлер мен қатысушылар Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күрестегі тәжірибесін, биологиялық қауіптердің алдын алу мен болжаудағы тетіктері мен стратегияларын, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін COVID-19-ға қарсы жаңа препараттар мен құралдарды әзірлеу жөніндегі озық технологиялары туралы пікірлерін талқыға салуда. Бағдарламаға орай Селжук университетінің профессоры Осман Эргонис  «COVID-19-ға жауап ретінде вакциналарды зерттеу және әзірлеу. Түркиядағы Пандемия. Пандемияның алдын алу үшін не жасалуы керек» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамада жаңа  коронавирус пайда болған кезде Түркия қандай әрекеттерге барғандығы баяндалды. Инфекциямен күресу үшін коронавирусқа байланысты төтенше жағдайлар жоспары дайындалып, ғылыми кеңес құрылғанын айтты. Сонымен қатар, бетперделер, антисептикалық және биоқауіпсіз арнайы киімдер өндірісінің де көлемін арттырған. Вакцинаны әзірлеуге TÜBITAK – Ұлттық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге жауапты түрік ұйымы атсалысқанын атап көрсетті. Баяндамашының айтуы бойынша, Түркия елінде вакцина мәселесін реттеу үшін онлайн конференциялар жүргізіліп, бірнеше ғалымдар еңбек еткен. Сонымен қатар, баяндамада TÜBITAK ұйымы жаңа пандемияның алдын алу және емдеуге бағытталған жаңа зерттеулерге қолдау көрсететінін мәлімдеді. Баяндама барысында, жалпыға бірдей медициналық қызмет көрсетуге ұмтылу, зерттеулер мен әдістемелерге тұрақты инвестицияларды жүзеге асыру, ақпарат алмасумен бірлесіп жұмыс істеу керек екендігін алға тартты. Одан бөлек, болашақта пандемияның алдын алу үшін қажет әрекеттер тізімі ұсынылды. Мәселен, инфекцияның ықтимал көздерін бақылау және қадағалау, шұғыл іс – қимыл жоспарларын алдын ала дайындау, жылдам диагноз қойып, қоздырғыштың толық генетикалық құрылымын анықтау сияқты тағы басқа ұсыныстар білдірді.

«Пандемия бізге көптеген құнды сабақтар берді. Бұрын орта есеппен 6-10 жыл ішінде әзірленетін вакцинаны жаңа тәсілдердің көмегімен қысқа мерзімде жасап шығу мүмкін екендігі белгілі болды. Елдердің «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен» үйлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын түсіндік» – деп Селжук университетінің профессоры Осман Эргонис баяндамасын қорытындылады.

TuraNews

Back to top button