Памирде қодаспен көкпар тартушыларды туристер де қызықтайды
Шыңжаңның Ташқұрған тәжік автономиялық ауданы Памир үстіртінің шығыс етегінде орналасқан. Оның теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4 000 метрден асады. Қодас – Ташқұрған ауданының фермерлері мен малшылары өсіретін негізгі мал түрлерінің бірі және жергілікті халықтың тұрмысымен етене байланысты жануар, — деп жазады Turanews.kz «Халық» газеті ақпараттық порталына сілтеме жасап..
Қытайлық БАҚ келтірген мәліметіне сүйенсек, қодаспен көкпар тарту – Ташқұрған ауданында кең таралған дәстүрлі халықтық спорт түрі.
Кейінгі жылдары бұл ерекше дәстүрлі спорттық іс-шара Ташқұрған ауданы туристік индустриясының дамуымен бірге, саяхатшылар арасында танымал бола бастапты.
Ташқұрғандықтар той-томалақта қодаспен көкпар тартып, мерекенің көркін қыздырады. Қазіргі уақытта көкпаршылар туристерге осы ерекше спорт түрін таныстыру үшін ауданның мәдени туризм мекемесі ұйымдастыратын ауқымды іс-шараларға қатысып жүр.
Қытайлық басылымның дерегінше, спорттың бұл түрі 2009 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілген.