Өзгерістер уақыты: ШҚО-ның 9 ауданы жаңа жұмыс режиміне бейімделуде
Ағымдағы жылдың басынан бері ШҚО-ның бірнеше ауданы жаңа жұмыс кестесіне ауысты.

Бұл өзгерісті алғаш болып Катонқарағай ауданы сынап көрді – пилоттық жоба ретінде. Көп ұзамай бұл жүйеге тағы 8 аудан қосылды: Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Марқакөл, Самар, Үлкен Нарын және Алтай.
Жаңа ережеге сай, осы аудандардағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар таңғы 08:00-ден кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген. Ал мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер бұрынғы кесте бойынша жұмысын жалғастыра береді, өйткені олардың жұмыс уақыты осындай форматта қалыптасқан.
Алтай ауданында бұл өзгерістер тек мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, әлеуметтік саланы да қамтыды. Аудандық мәслихат төрайымы Лариса Гречушникова бұл жаңа жүйенің тұрғындарға өте ыңғайлы екенін атап өтті:
Алтай ауданының мәслихаты жаңа жұмыс режиміне өткеніне жарты жыл болды. Қызметкерлердің кішкентай балалары болғандықтан, оларды балабақшаға сағат 8:00-де апару керек, мектепке де жеткізу қажет, ал кейбіреулер жеке үйлерде тұрып, ерте тұруға мәжбүр. Сонымен қатар, өнеркәсіптік кәсіпорындар да сағат 8:00-де жұмысын бастайды. Сондықтан бюджеттік ұйымдар, мемлекеттік қызмет және өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы жұмыс кестесінде айырмашылық болмайды. Бұл өте ыңғайлы», – деді Лариса Гречушникова.
Достық үйінің әдіскері Зинаида Натарова да қолдау көрсетті.
– «Мен бұл шешімді қолдаймын, өйткені мен үшін жеке сектордың тұрғыны ретінде бақша учаскесіне жұмсайтын қосымша сағат өте маңызды», – деді ол.
Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев та бұл жаңашылдықты қолдап, аудан тұрғындары да жұмыс уақытының өзгеруін толығымен құптағанын айтты:
“Алтай ауданының барлық елді мекендерінде жұмыс кестесінің өзгеруіне қатысты кездесулер өтті. Халық жұмыс уақытын оңтайландыру бастамасын қолдады. Бұл шаралар қызметкерлердің физикалық жағдайын жақсартуға, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған”, – деді Ренат Құрмамбаев.
Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – жұмыс үдерістерін оңтайландыру және аудандар арасындағы үйлесімділікті жақсарту. Өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып (ерте күн шығуы мен батуы), бұл шешім күндізгі жарықты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартады.
Ұлан ауданында да жаңа жұмыс кестесі күшіне енді. Бұл ауданда жергілікті билік өкілдері, фермерлік шаруашылық басшылары мен білім беру мекемелерінің жетекшілерімен кездесулер өтті. Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов жаңа кестенің тұрғындар тарапынан бірауыздан қолдау тапқанын атап өтті:
“Бүгіннен бастап ауданымызда жаңа жұмыс кестесі енгізілді. Ұлан ауданының 16 ауылдық округінде фермерлік шаруашылық жетекшілерімен, мемлекеттік кірістер департаменті, полиция және қорғаныс бөлімдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен білім беру мекемелері өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл кездесулерге облыстық басқармалар мен олардың орынбасарлары да қатысты. Жұмыс күнін 08:00-де бастау туралы ұсыныс енгізілді және ол бірауыздан қолдау тапты. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ірі ауылшаруашылық құрылымдары да осы кесте бойынша жұмыс істейді, бұл бюджеттік ұйымдардың жұмыс кестесін ыңғайлы етеді. Мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер бұрынғы жұмыс кестесін сақтап қалады,” – деді Арман Бекбосынов.
«Жаңа жұмыс кестесі үй шаруасына және бақша күтіміне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – дейді Ұлан ауданының кітапханашысы Светлана Ключникова.
Жаңа жұмыс кестесі халыққа да қолайлы. Жергілікті құс фабрикасының қызметкері Рүстем Әлиев айтқандай:
– Отбасымызда жұмысқа және балар сабаққа баруы енді бір уақытта болуы ыңғайлы, бәріміз бір мезгілде көшеге шығып, кешке үй шаруасына, балалармен араласып, отбасына уақыт табамыз.
Бұл қадам Шығыс Қазақстан облысында еңбек ұйымдастыруды жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және барлық тұрғындар үшін үйлесімді жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.