Күзгі-қысқы кезеңде энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Өзбекстанның энергетика саласы төтенше жұмыс режиміне көшеді. Бұл жайында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев энергетика мәселелеріне арналған бейнеконференцияда айтты, деп жазады Turanews.kz.
Республика басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын барысында энергетикалық кешен басшылары мен әкімдерге жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Осылайша, екінші жартыжылдықта 30 млрд текше метр газ, 41 млрд киловатт-сағат электр қуатын өндіру, оларды тұтынушыларға үздіксіз жеткізу, жерасты газ қоймаларындағы газ қорын кем дегенде 3,5 млрд текше метрге ұлғайту тапсырылды.
Сондай-ақ 1 қазанға дейін 1,1 мың шақырым желі мен 402 трансформаторды жөндеу, күзгі-қысқы кезеңде халықты және әлеуметтік нысандарды 335 мың тонна сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Одан бөлек, жыл соңына дейін 400 мың тонна бензин өндіріп, 120 мың тоннасын импорттау қажет.
Президент энергетикалық кешен басшылығына облыс әкімдерімен және сала басшыларымен бірлесіп, жыл соңына дейін 3,7 млрд киловатт-сағат электр энергиясын және 2,4 млрд текше метр газды үнемдеуді тапсырды.
Әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелерге тағы 250 мегаватт күн батареясын орнатудың маңызы айтылды.
«Күзгі-қысқы кезеңде энергетика жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жауапты басшылар бүгіннен бастап шұғыл жұмыс режиміне көшеді», — деді Шавкат Мирзиёев.
Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстанда қаңтар айында болған қатты аяз барлық жылдардағы метеорологиялық бақылаулардың абсолютті рекордын жаңартты.
Қатты суықта республика ауқымды энергетикалық дағдарысқа тап болды.
Өзбекстан басшысы қысқа дайындықтың нашарлығы үшін бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен босатты.