Өзбекстан 9 шілдеде өтетін кезектен тыс президент сайлауына дайындық үстінде. 5 маусым күні осы елдің Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардан ресми 4 кандидаттың тіркелгенін мәлімдеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі үміткерлер кім және бұл сайлау Өзбекстанның саяси жүйесі үшін қандай өзгеріс әкелуі мүмкін екенін анықтап көрді.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізуге не себеп?
8 мамырда Олий Мәжілістің қос палатасы басшыларымен кездесіп, конституциялық референдумды қорытындылаған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастама көтерді.
30 сәуірде өткен референдум нәтижесінде қабылданған Конституцияның жаңа редакциясында баптардың саны 128-ден 155-ке дейін, нормалар 275-тен 434-ке дейін ұлғайды. Тиісінше, негізгі заңның мәтіні 65%-ға жаңартылды. Олардың ішінде, Өзбекстан президентінің өкілеттік мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту, өлім жазасына тыйым салу, Өзбекстан азаматын шет мемлекетке беруге шектеу қою сияқты тармақтар бар. Конституцияға сай, кедейлікті азайту, жұмыспен қамту бойынша бірқатар жаңа міндеттемелерді мемлекет өз мойнына алады.
Сурет: ArTono/Shutterstock
Шавкат Мирзиеевтің кезектен тыс сайлау өткізу жайлы мәлімдемесі Өзбекстан үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де күтпеген жайт болды. Сондықтан президенттің өзі сайлауды өткізу шешімін қабылдауға не себеп болғанын түсіндірді.
«Әрине, мұндай шешім қабылдауға қандай қажеттілік себеп болды деген орынды сұрақ туындайды. Неліктен мен президенттік мерзімнің қалған үш жарым жылынан бас тартып отырмын?! Өздеріңіз көріп отырғандай, негізгі заңға сәйкес, біріншіден, биліктің барлық тармақтарына реформа жүреді. Екіншіден, жаңартылған Конституция президентке, Парламентке, Үкіметке, министрлерге, хокимдерге саяси және әлеуметтік-экономикалық проблемалар бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Үшіншіден, халық бізден барлық салада аса маңызды және өзекті өзгерістер мен реформаларды күтіп отыр. Төртіншіден, қазіргі уақытта әлемде және біздің өңірде күрделі процестер жүріп жатыр. Сондықтан бұл кезде дамудың дұрыс және тиімді жолын іздеу, оны іске асыру ең өзекті мәселеге айналып отыр», — деді Шавкат Мирзиеев.
Сурет: president.uz
Президент бұл сайлау заңға сәйкес, ашық және әділ түрде өтетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, ол партиялар мен президенттікке үміткерлер елдің бейбітшілігі мен өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған идеялар мен бастамалар ұсынады деп пікір білдірді.
Президент сайлауына кім үміткер бола алады?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, президент лауазымына кемінде 35 жастағы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, сайлауға дейін 10 жыл бойы ел аумағында тұрақты тұратын Өзбекстан азаматы сайлана алады.
Бұл Өзбекстанның жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейінгі алғашқы сайлау болмақ. Енді президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Тиісінше, өзгертілген негізгі заң Шавкат Мирзиеевке қатарынан екі президенттік мерзімнен кейін үшінші рет осы лауазымға сайлануға мүмкіндік ұсынып отыр.
Сайлау кодексіне сәйкес, саяси науқан басталардан 4 ай бұрын ресми тіркелген саяси партиялар президент лауазымына үміткер ұсынуға құқылы. Қазіргі уақытта Өзбекстанда бес партия тіркеуден өткен: Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, «Милли тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясы, «Адолат» (Әділет) социал-демократиялық партиясы, Өзбекстанның либералды-демократиялық партиясы мен Экологиялық партия.
Сурет: Евгений Сорочин / «Газета.uz»
Сайлау процесінің басталуы
8 мамырда Өзбекстан басшысы биыл 9 шілдеде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент дауыс беру күнін бекіткеннен кейін 2 ай ішінде сайлау өткізіледі. Осыған сай, ОСК 10 мамырда сайлау науқаны басталғанын жариялады.
Сурет: trend.az
Мамыр айының соңында Өзбекстанның саяси партиялары өз кандидаттарын анықтап, ОСК-ға тиісті құжаттарды тапсырды. Комиссияның сараптамалық тобы 31 мамыр мен 2 маусым аралығында партиялар ұсынған кандидаттардың заңға сәйкестігін тексерді. Оның нәтижесінде үміткерлер жеткілікті көлемде қол жинаған деген қорытынды жасалды.
5 маусымда ОСК мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатысу үшін 4 кандидаттың ресми тіркелгенін жариялады. Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары 7 маусымда басталды.
8 шілде — тыныштық күні, яғни үгіт-насихатқа тыйым салынады. Ал, 9 шілдеде өзбекстандықтар сайлау учаскелеріне бырып, елдің келесі президентін таңдау үшін дауыс береді.
9 шілде — сайлау күні өзге жақта демалыста болатын немес іссапарға кететін сайлаушылар ерте дауыс береді. Атап айтқанда, олар 28 маусымнан бастап 5 шілдеге дейінгі аралықта өз таңдауын жасауы тиіс.
Өзбекстан сайлау кодексінің 59-бабына сәйкес, сайлауда халықтың 50%-дан астам дауысын жинаған кандидаттардың бірі жеңімпаз саналады. Егер үміткерлердің ешқайсысы дауыстың жартысынан көбін жинамаса, келесі айда ОСК сайлаудың екінші турын өткізеді. Келер кезеңге ең көп дауыс жинаған екі үміткер қатысады, сәйкесінше басым қолдау алған кандидат жеңіске жетеді.
Өзбекстан президенті болуға кімдер үміткер ретінде тіркелді?
29 мамырда бірінші болып Өзбекстанның халықтық-демократиялық партиясы өзінің кандидатурасын бекітті. Партия атынан президент сайлауына оның жетекшісі Ұлықбек Иноятов қатысады.
Ұлықбек Ильясович Иноятов 1962 жылы 6 тамызда Ташкентте дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Инженер-экономист, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. 2013-2018 жылдары халықтық білім министрі қызметін атқарған. Кейін Наманган мемлекеттік университетінің ректоры болды. 2019 жылы Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы Орталық кеңесінің төрағасы, сонымен бірге 2020 жылдан бастап Олий Мәжілісінің заң шығару палатасы спикерінің орынбасары лауазымын атқаруда.
Сурет: xdp.uz/ru/
Дәл сол күні «Адолат» (Әділет) социал-демократиялық партиясы Өзбекстан Жоғарғы Соты төрағасының экс-орынбасары Робахон Махмудованы президент сайлауына кандидат ретінде бекіту шешімін қабылдады.
Робахон Анваровна Махмудова 1958 жылы 9 қарашада Ферғана облысында дүниеге келген. Заңгер мамандығы бойынша білім алған. 1999 жылдан бастап сот жүйесінде жұмыс істейді. 2020 жылдың қаңтарында Олий Мәжіліс Сенатына депутат болып сайланды. Онда ол ғылым, білім және денсаулық сақтау комитетін басқарды. 2020 жылы шілдеде Президент ұсынысымен Робахон Махмудова ӨР Жоғарғы Соты төрағасының бірінші орынбасары — әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындалды. Ол әлі күнге дейін осы лауазымда қызмет етіп келеді.
Сурет: Шухрат Латипов / «Газета.uz»
30 мамырда Өзбекстанның басқарушы либералды-демократиялық партиясының кезекті съезінде партияның саяси кеңесінің мүшесі – қазіргі президент Шавкат Мирзиеевті президент сайлауында кандидат етіп ұсыну жөнінде шешім қабылдады.
Шавкат Миромонович Мирзиеев 1957 жылы 24 шілдеде Өзбекстанның Жизақ облысының Заамин ауданында дүниеге келген. Ташкент ирригация және мелиорация институтында жоғары білім алып, оны тәмамдағаннан кейін сол оқу орнында жұмыс істеген. Осында еңбек ете жүріп, ол кіші ғылыми қызметкерден оқу ісі жөніндегі проректор лауазымына дейін көтерілген.
Сурет: president.uz/ru
Шавкат Мирзиеев саяси мансабын 1990 жылы бастады. Алғашында ол ӨзССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1992-2003 жылдары Ташкенттегі ауданның және Жизақ пен Самарқан облыстарының хокимі болып жұмыс істеді. 2003 жылдың желтоқсаннан бастап Өзбекстанның премьер-министрі болды.
2016 жылы 4 желтоқсанда өткен кезектен тыс президент сайлауында Шавкат Мирзиеев сайлаушылардың 88,6% дауысын жинап, Өзбекстан президенті болып сайланды. Ол билікке келген алғашқы кезеңнен бастап ел өмірінің барлық салаларында ауқымды реформалар жүргізілді. Кейін, яғни 2021 жылдың қазанында болған кезекті президент сайлауында Шавкат Мирзиеев 80,1% дауыс жинап, екінші мерзімге сайланды.
Қазіргі мемлекет басшысының кандидатурасын Өзбекстанның «Милли тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) демократиялық партиясы да қолдады.
Соңғы болып 30 мамырда өзінің кандидатын Өзбекстанның экологиялық партиясы ұсынды. Бұл саяси бірлестіктің атынан оның басшысы Абдушукур Хамзаев үміткер атанды.
Абдушукур Худойкулович Хамзаев 1973 жылы 10 желтоқсанда Сұрхандария облысында дүниеге келген, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. 1999 жылдан 2017 жылға дейін Самарқан ауыл шаруашылығы институтында ассистент, аға оқытушы, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, рухани-тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді. 2017 — 2022 жылдары орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын басқарды. 2022 жылдан бастап Өзбекстан экологиялық партиясының Орталық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде.
Сурет: © УзА
Сайлау — конституциялық реформалардың орынды жалғасы
Өзбекстан президенті кезектен тыс сайлау өткізу — жаңартылған Конституция талаптарына сәйкес, мемлекеттік биліктің жұмысын жетілдіріп, халық билігі қағидатын толық іске асыруға мүмкіндік беретінін мәлім етті.
«Біздің негізгі заңымызға сәйкес, мемлекеттік биліктің қайнар көзі -халық. Сондықтан, жаңартылған мемлекеттік билік жүйесінде халық тек өзі сенетін басшыға мандат береді. Қазіргі жағдайда бұл ең дұрыс және әділ шешім болады деп ойлаймын», — деп атап өтті Шавкат Мирзиеев.
ОСК-ның дерегіне сай, биылғы сайлауды дайындап, өткізу үшін 174,1 млрд сум (15 млн доллар) қарастырылған. Бұл 2021 жылы өткен президент сайлауын ұйымдастыруға бөлінген қаржыдан 41%-ға аз.
Сурет: Юлия Акмурзина