Сәтбаев университетінің өкілдігі Ташкенттегі Кимё халықаралық университетінің (Kimyo International University in Tashkent) базасында ашылады, деп хабарлайды Turanews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
«Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бастаған делегация Ташкенттегі Кимё халықаралық университетінде болды. Сапар барысында екі университет Ташкенттегі Кимё халықаралық университетінің базасында Сәтбаев университетінің өкілдігін ашу ниеті туралы келісімге қол қойды.
Қол қойылған келісім ғылым және жоғары техникалық білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ бірлескен бағдарламаларды әзірлеуді көздейді. Осылайша, Сәтбаев университеті Ташкентте ғарыштық инженерия, IT-технологиялар, материалтану және машина жасау сияқты білім беру бағдарламаларын ашуды жоспарлап отыр», — делінген хабарламада.
Мәлім етілгендей, қазір Кимё халықаралық университеті 5 жоғары оқу орнынан тұрады.
Сәтбаев университетінің Өзбекстандағы өкілдігі өзбекстандық студенттерге инженерлік-техникалық салада сапалы білім алуға мүмкіндік береді және Қазақстан мен Өзбекстан арасында ғылым мен жоғары техникалық білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болмақ.
Кимё халықаралық университеті – Өзбекстандағы алғашқы жеке жоғары оқу орны. Ол 2018 жылы Ташкенттегі Ёджу техникалық институты ретінде құрылған.