
Жобаның құны туралы Alter Ego арнасына сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев мәлім етті, деп жазады Kazinform.
— Станцияның құны 2 млрд доллардан аз болады. Бұл біз жобалап отырған меже. Мен нақты әрі түпкілікті қанша қаражат жұмсалатынын әзірге айта алмаймын. Өйткені, бұл бағытта әлі де жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді Азим Ахмедхаджаев.
Оның айтуынша, агенттік қазіргі уақытта артық шығындарды қысқартуға екпін қойып жатыр. Осылайша, бүгінге дейін АЭС салу жобасы аясында 300 млн доллар үнемделген.
Азим Ахмедхаджаевтың мәліметінше, құрылысқа Ресей тарапынан ақша тартпай, оның орнына АЭС-ті шетелдік инвестиция, жеңілдікпен ұсынылатын қытайлық несиелер есебінен қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл ретте мемлекеттік бюджет барынша аз пайдаланылмақ.
Еске салайық, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.
Осыған сай, таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.