Өткен жылы Өзбекстан шет елдерден 1,8 млрд долларға бағаланған 73,2 мың жеңіл автокөлікті импорттаған, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме беріп.
Өзбекстан Статистика агенттігінен мәлімдегендей, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр импорт 2,4 есеге (30 388 көлікке артқан) өскен. Одан алдыңғы жылдары темір тұлпарларды сатып алу қарқыны баяу болған еді. Мәселен, 2022 жылы өсім — 12,7%, ал 2021 жылы 5,2%-ды құрады.
Көлік импортында 79,3 пайыз (58 078 көлік) үлеспен Қытай көш бастап тұр. Яғни, бұл елден әкелінген автомобиль көлемі 5,2 есеге артқан. 2021 жылы ҚХР-да жасалып, Өзбекстанға сатылған темір тұлпарлар нарықтың 32,8 пайызын иеленсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 36,9 пайыз болды.
Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия және Жапониядан әкелінетін көліктердің де саны біршама өсті. Сондай-ақ, былтыр ірі ипморттаушылар тізіміне Үндістан қосылды.
2021-2022 жылдары Өзбекстанға темір тұлпар экспорттаушы ең ірі 5 елдің қатарында болған Қазақстан мен Ресейдің былтырғы үлесі аз.