Өзбекстанда қылмыстық топтың 22 мүшесі ұсталды, ішінде ММА спортшысы бар
Өзбекстанның барлық аумағында қылмыстық топтарды ұстауға бағытталған ауқымды рейдтер жүріп жатыр. Ферғана облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 22 мүшесі ұсталды, оның арасында ММА спортшысы Хумоюн Тухтамуродов бар. Бұдан бөлек, ұйымдасқан топтың басшысы да ұсталды, деп жазады TuraNews.kz Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.
«Маңызды 40 күн» акциясы аясында Өзбекстанның бүкіл аумағында криминогендік жағдайды жақсарту және қылмыстың жолын кесу бойынша ауқымды жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара 21 қарашадан 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Ферғана облысының құқық қорғау органдары 248 тұлғаның тұрғылықты мекенжайында бірлескен жедел іздестіру шараларын, қылмыс жасауға бейім тұлғалар тарапынан құқық бұзу фактілерін анықтау бойынша 106 іс-шара жүргізді, бұл 66 қылмысты ашуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде 4,75 келі есірткі, 78 психотроптық және күшті әсер ететін заттар, 41 қару, оқ-дәрі және суық қару ретінде пайдалануға болатын заттар, сондай-ақ 45 компьютер, телефон және діни әдебиет тәркіленді.
Құқық қорғау органдары қылмыс жасап, сот пен тергеуден қашып, іздеуде болған 37 адамды ұстады.
«Арнайы шара барысында қылмыстық топтардың құрамында болып, бұзақылық жасаған 22 адам ұсталды. Олардың арасында аралас жекпе-жекпен айналысатын Хумоюн Тухтамуродов (лақап аты «Борз») бар. 27 қарашада ол Қоқанда екі адамға дене жарақатын салып, оқиға орнынан қашып бара жатқанда ұсталды», — деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінен.
Сондай-ақ Ферғанада ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы А.Мамиров қылмыс жасаған жерінен ұсталып, тергеу органдарына тапсырылды.