Мәдениет

Өзбекстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Тарихи туындыны Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы ұсынды. Қазақстандық өнерпаздардың төрт күндік мәдени бағдарламасы көрші елдің үш қаласында ұйымдастырылды. Кешенді іс-шара отандық кино күндері мен жергілікті өнер майталмандарының гала-концертін де қамтыды.

Өзбекстанға жұмыс сапары аясында еліміздің мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Төле би кесенесі және әлемдегі ең көне Құран қолжазбасы сақталған Хаст-Имам мешіті сынды Ташкенттің бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштерін аралады. Сондай-ақ, қос елдің сала басшылары өзара кездесу өткізіп, мәдениет және туризм бағытында ынтымақтастық әлеуетін талқылады.

«Бұл жолы шаралар бұған дейінгілерден ерекше болды. Себебі. бұрын барлық-іс-шаралар тек елдердің астаналарында ғана өтетін. Осы жолы ол дәстүр өзгерді. Мәдени күндерге аймақтарды да тарту жөн деп санадық. Мәселен, кеше «Қазақконцерт» Самарқанда шығармашылық кеш өткізді. Оған дейін Ташкентте «Түркістан» мәдениет сарайында екі үлкен концерт ұйымдастырылды.»— Озодбек Назарбеков, Өзбекстанның мәдениет және туризм министрі.

Тараптар сондай-ақ, бірлесіп фильмдер түсіру, Өзбекстанда қазақстандық кино туындыларды прокатқа шығару және құрлықтағы өткізу пункттерінде чартерлік тур автобустардың кедергісіз өтуіне жағдай  жасауға  уағдаласты. Бұған қоса, Тараз, Түркістан және Ақтау қалаларын Орталық Азияның басқа елдерімен бірге әзірленген «бір тур — бір өңір» бағдарламасына енгізу ұсынылды.

«Екі елдің арасындағы мәдениет, өнер, руханият, спорт, туризм салалары көпір саналады. Қазақтың да, өзбектің де тамыры бір, мәдениеті де ортақ. Біздің негізгі мақсатымыз осы екі елдің достығын, әріптестігін нығайту мақсатында қабылданып жатқан шешімдердің бірі деп айтуға болады. Оны дәстүрге айналдырамыз.»— АсхатОралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі.

 

TuraNews

Back to top button