Өзбекстанда Орта Азияда тұрақты туризм моделін дамыту жолдары талқыланды
Ташкентте «Тұрақты туризм үлгісін дамыту – туристік әлеуетті арттыруға бағытталған жол» халықаралық конференциясының ашылу салтанаты өтті, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі күні экологиялық тұрақтылық нарықтағы бәсекелестіктің маңызды факторына айналды. Халықтың экология туралы хабардарлығын арттыру, халықаралық стандарттарды енгізу, тиімді «жасыл» технологияларды қолдану – елдің туризм саласын дамытатын негізгі құраушы факторлар», — деп атап өтті сәлемдесу сөзінде Өзбекстанның табиғи ресурстар министрі Азиз Абдухакимов.
Қазақстандық делегация өкілдері журналистерге берген сұхбатында Орта Азия елдерінің туристік саладағы бәсекеге қабілетін арттыру үшін «жасыл» технологияларды пайдалану мәселесі бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің өңірге келген шетелдік туристер Орта Азияның бірнеше елін бірден көргісі келеді. Сол себепті бұл конференцияда біз тұрақты туризмді халықаралық трендтерге сай дамыту мәселелерін бірге талқылаймыз. Қазіргі күні су, таза ауа мәселесі, биоалуантүрлілікті, жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау ең маңызды мәселелердің бірі. Біз – туризм, тауарлар мен қызметтерді негізгі тұтынушымыз және қалдықтарды өндірушіміз. Сол себепті осы жобалар аясында жергілікті кәсіпкерлерді суды, электр энергиясын дұрыс пайдаланып, қоқысты бөлу және қайта өңдеу арқылы табиғат теңдігін бұзбай, өз кәсібінің табысын арттыруға үйрету маңызды. Бұл аспектілер тұрақты туризмді дамытуда маңызды рөлге ие. Яғни, біз бір қарағанда өте қарапайым болып көрінетін, бірақ шын мәнінде өте маңызды дүниелерді үйретеміз», — деді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.
«Тұрақты туризмді дамыту жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамnу, келер ұрпаққа көрнекті жерлер мен табиғат байлығын бүлінбеген күйінде жеткізу үшін маңызды. Осының бәрін қамтитын БҰҰ тұрақты туризм стандарттары негізінде жасалған арнайы оқу бар. Олар бизнесті де, жергілікті әкімшілікті де туризмді қалай дамытуға үйретеді. Мәселен, Өзбекстанда 300-ден астам отель мен қонақүй микроклиматты жақсартатын, су мен энергия ресурстарын үнемдейтін құрылғыларды пайдаланады. Мұның бәрі көрсетілген стандарттарды енгізудің тиімділігін білу мақсатында бақыланып отырады. Бұл күшті «жасыл» маркетинг құралы және қонақтардың ниеттестігін арттырады. Осының арқасында туроператорлар мен туристер серіктестік үшін осындай отельдерді жиі таңдайды. Ал бұл қосымша табыс алып келеді», — деді Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева.
ЕО пен Өзбекстан Республикасы nабиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан іс-шара Грекия, Қазақстан, Кипр, Латвия, Тәжікстан мен Өзбекстанның туристік сала өкілдерінің басын қосты.