Өзбекстанның Олий Мәжілісі елдің Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізетін заң жобасын қабылдады, деп жазады Turanews.kz.
Құжатқа сәйкес, өзбекстандықтар келесі құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылатын болады:
— ұлты, нәсілі, этникалық және діни белгілері бойынша азаматтардың үстемдігін немесе толымсыздығын насихаттау;
— заң тәртібімен тіркелмеген некені діни рәсіммен қию;
— екі және одан көп әйелмен бірге тұруды насихаттау;
— әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде мойындамау;
— азаматтың бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орында киіп жүру.
Айта кетейік, медициналық диагнозы бар адамдарға және қызметтік міндетін атқаратын мамандарға бет-бейнені тұмшалайтын киім киюге тыйым салынбайды. Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде, немесе спорттық және өзге де мәдени-бұқаралық шаралар кезінде, заңмен рұқсат етілген өзге де жағдайларда қолданылатын арнайы бас киімдерге тыйым қарастырылмаған.