Өзбекстанда колледж директорын соққыға жыққан әкім орынбасары жазаланды
Өзбекстанда колледж директорын соққыға жыққан әкім орынбасарына тәртіптік жаза тағайындалды, сонымен қатар тергеу амалдары жүргізілуде, деп жазады TuraNews.kz Kun.uz сайтына сілтеме жасап.
Ферғана облысының Бағдат ауданы әкімінің жастар саясаты, әлеуметтік даму және рухани-ағарту істері жөніндегі орынбасары тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы бұйрыққа аудан әкімі 22 қарашада қол қойған.
Құжатқа сәйкес, аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік қызметшінің әдеп ережелерін «өрескел бұзған». Оған Еңбек кодексінің 312-бабы негізінде сөгіс жарияланды.
Бағдат ауданындағы педагогикалық колледжге газет-журналға жазылу үшін 24 миллион сумдық (900 000 тенге) жоспар берілген, бұл талапты орындай алмаған колледж директорын аудан әкімінің орынбасары соққыға жыққан.
Бағдат аудандық прокуратурасының хабарлауынша, жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.