Өзбекстандағы көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 25-тен 45 пайызына дейінгі аралықта.
Бұл туралы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының отырысында Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров мәлім етті, деп Kazinform агенттігіне сілтеме жасап TuraNews.kz хабарлайды .
Министр депутаттарға Өзбекстандағы көлеңкелі экономиканың ауқымы және оған қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.
«Біз көлеңкелі экономикамен қарқынды күресуіміз керек. Түрлі бағалауға сай, оның үлесі ЖІӨ-нің 25-тен 45 пайызына дейінгі аралықта. Бұл жоғары көрсеткіш», — деді Джамшид Кучкаров.
Оның айтуынша, бейресми экономиканың ең жоғары үлесі құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында байқалады.
Джамшид Кучкаров көлеңкелі экономиканың ауқымын төмендету үшін министрлік Президент Әкімшілігімен бірлесіп Президент қаулысының жобасын әзірлегенін атап өтті. Ол құжат қазір соңғы келісу сатысында тұр.
«Онда бірнеше бағыт бойынша шаралар қамтылған. Яғни, қолма-қол ақша айналымын қысқарту, бірақ мұны тікелей мағынада қабылдамау керек. Бұл кейбір тауарлар немесе қызметтерді тек банк карталары арқылы төлеуге қатысты», — деді министр.