Өзбекстанда Huawei аймақтық жиналысы өтті
Өзбекстанда аталмыш іс-шара жыл сайын ұйымдастырылатын болады.
Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов Ташкентте Huawei компаниясының 20-дан астам өкілдіктерінің басшылары мен басқарушы менеджерлері бас қосқан Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері бойынша жартыжылдық аймақтық кездесуіне қатысты.
Министрлік мәліметінше, кездесуде министр елдің қарқынды цифрлық дамуын, халықаралық IT-компаниялар үшін қолайлы бизнес-жағдай жасау және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Өзбекстанда аталмыш іс-шараны жыл сайын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.
Сондай-ақ, министр Шерматов Өзбекстанда халықаралық IT-компаниялардың бизнесін дамыту, бизнес-процестерді аутсорсинг (BPO) бойынша кеңселер орналастыру, аймақтық және жаһандық іс-шараларды өткізу үшін барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді.
Кездесу барысында Huawei басшылары Өзбекстандағы IT-парк резиденттеріне арналған ағымдағы «Zero Risk» бағдарламасымен танысты.