
Жаңа оқу жылында бакалавриатқа 35 500, магистратураға 9 922 мемлекеттік грант бөлінеді, деп хабарлайды Өзбекстан Әділет министрлігінің ресми Telegram-арнасы.
Биылғы және алдағы 3 оқу жылына мемлекеттік жоғары оқу орындарына грант негізінде қабылдау параметрлері бекітілді.
Президент жарлығына сәйкес, 2025/2026 оқу жылына бакалавриатқа (күндізгі бөлімге) 35 500 грант бөлінеді (өткен жылы 34 838 грант бөлінді).
Келесі кезеңдердегі гранттар саны төмендегідей:
2026/2027 оқу жылына – 36 023;
2027/2028 оқу жылына – 36 460;
2028/2029 оқу жылына 36 761.
Жаңа оқу жылында магистратураның күндізгі бөліміне 9 922 гранттық орын бөлінеді (өткен жылы 9 365 орын бөлінген). Бұл ретте мемлекеттік бюджет есебінен 2026/2027 оқу жылында 10 191 студент, 2027/2028 оқу жылында 10 477 студент магистратурада оқи алады. 2028/2029 оқу жылында талапкерлерге 10 784 грант беріледі.
Сондай-ақ үкімет шетелдік және мемлекеттік емес университеттерге 1320, шетелдегі өзбек жастарына 30, әйелдерге 4000 грант бөледі.
Қабылдау параметрлерін бөлу аймақтар мен салалардың қажеттіліктеріне сәйкес анықталады. Жеңілдіктерге ие үміткерлер үшін қосымша параметрлер ескеріледі. Сонымен қатар белгілі бір салалардың (тіл, өнер, спорт т.б.) ерекшеліктері ескеріледі.
Өзбекстанда мемлекеттік грант бұрынғыдай төрт жылда бір студентке емес, жыл сайын жоғары балл жинаған студенттерге қайта бөлінеді.