Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 28 желтоқсанда азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы «Газете.uz» басылымына үкіметтегі дереккөз мәлім еткен, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме беріп.
Құжатта 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ірі қара мал өнімдері, балық, сүт, қаймақ, сары май, жұмыртқа, банан, цитрустар, жеміс-жидек, пияз бен кейбір көкөніс, кофе, шай, өсімдік майы, ұн, жармалар, ұн және макарон өнімдері, су, шашқа арналған құралдар, балалар киімі мен басқаларына нөлдік импорттық баж мөлшерлемесін қолдану мерзімі ұзарғаны жазылған.
2024 жылдың соңына дейін сауда-экономикалық қарым-қатынас қолайлы емес елдерден шығатын тауарларға екі еселенген кедендік баж мөлшерлемесі қолданылмайды.
Инвестиция тарту, өндірісті дамыту және сауданы реттеу үкіметтік комиссиясына 1 ақпанға дейін Президент әкімшілігіне қант бағасының күрт өсіп кетуінің алдын алу мен өндіріс тұрақтылығын сақтауға қатысты ұсыныс дайындау тапсырылды.
Сондай-ақ 1 қазанға дейін комиссия қазіргі жеңілдіктердің қаншалықты тиімді екенін бағалап, оларды жалғастыруға қатысты ұсыныс дайындауы тиіс.