ӘлемМәдениет

Өзбекстанда Алаш арыстарына арналған халықаралық көрме ашылды

2023 жыл 4 қазан күні Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінде «Алаштың асыл арыстары» атты халықаралық көрме ашылды, деп жазады TuraNews.kz Uza.uz агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, атаулы көрмені Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейі және Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі бірлесіп жасаған.

Халықаралық көрме ағартушы-ғалым, дәрігер, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін, жоғары білім беруді және баспа ісін алғаш ұйымдастырушылардың бірі Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығы мен ақын, драматург, аудармашы, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орайластырылған.

Көрмеге қазақтың біртуар азаматтары Халел Досмұхамедов пен Мағжан Жұмабаевтың өмір жолынан сыр шертер архивтік құжаттармен қатар ұлы тұлғалардың ұстап-тұтынған жеке заттары, кітаптары қойылған. Сонымен қатар, Алашорда қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллиннің жеке кешендері негізінде музейлік заттар мен қатар ақпараттық стенділер көрмеге келушілерге ұсынылған.

«Халықаралық көрмені 2023 жылдың 4-11 қазан күндері аралығында Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейіне барып тамашалауға болады» деп жазған ӨзА.

TuraNews

Back to top button