Спорт

Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Азия кубогын бірлесіп өткізбек

Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан 2031 жылғы Азия кубогын бірлесіп өткізуге өтінім берді. Бұл туралы Өзбекстан футбол ассоциациясы (ӨФА) хабарлады.

Азия футбол конфедерациясы (АФК) 2031 жылғы Азия кубогының ұйымдастырушысы болуға үміткер елдерді қарастыра бастаған. Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның футбол федерациялары турнирді жоғары деңгейде өткізе алатындығына сенім білдіріп, ортақ өтінім ұсынған.

«Бүгінде көрші мемлекеттермен бірге Өзбекстан да осындай беделді турнирді қабылдауға толық дайын. Ташкент, Наманган, Ферғана, Қаршы қалаларындағы стадиондар халықаралық стандарттарға сай жөндеуден өтті. Сонымен қатар, соңғы жылдары Азияның 20 жасқа дейінгі және 23 жасқа дейінгі футбол турнирлері, футзалдан әлем чемпионатын қабылдау үлкен тәжірибе болды. Орталық Азия қашанда өзінің қонақжайлығы, кәсіби көзқарасы, футболға деген жанкүйерлердің ыстық ықыласы арқылы Азия назарын аударуға дайын», – делінген ӨФА хабарламасында.

24 ақпандағы жағдай бойынша 2031 жылғы Азия кубогын өткізуге Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Индонезия және Кувейт те жеке өтінім тапсырған.

2031 жылғы Азия кубогы жиырмасыншы рет ұйымдастырылады. Турнирге 24 ұлттық құрама қатысады. Азия футбол конфедерациясы (АФК) бұл турнирді 1956 жылдан бері төрт жылда бір рет ұйымдастырып келеді.

2023 жылғы Азия кубогы Катарда өтті, ал 2027 жылғы турнирді Сауд Арабиясы қабылдайды.

 

TuraNews

Back to top button