Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1,5 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 млрд текше метр су келді.
Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр су, ал 590 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.
«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», — деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.