Өзбекстан Орталық Азиядағы Сингапурға айнала ала ма?
Соңғы 10 жылдың ішінде Өзбекстанның экономикалық өсімі орташа есеппен 5,9 пайызды құрап отыр. Бұл елдің қарқынды дамуын паш ететін жақсы көрсеткіш. Осы елдің экономикасы қалай өзгеріп, экономиканың қай сегменттері бәрінен де жылдам дамып келе жатқанын және Жаңа Өзбекстанның экономикалық өршілдігі қалай бағаланып отырғанын ҚазАқпарат тілшісінің материалынан оқыңыздар.
Посткеңестік кезеңдегі қиындықтар мен нарықтық экономикаға көшу
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында посткеңестік кеңістіктегі шаруашылық байланыстың үзілуі салдарынан Өзбекстанда да ТМД-нің барлық елдеріндегідей экономикалық құлдырау байқалды. 1990-2001 жылдар аралығында Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі қазіргі бағамен есептегенгенде 17,7 млрд доллардан 11,1 млрд долларға дейін қысқарды. Дегенмен, жалпы экономикалық құлдырау жағдайында республиканың ауыл шаруашылығына мамандануы өзінің оң рөлін көрсетті. Аталған кезеңде ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының жалпы үлесі 35-тен 50,7 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда мемлекеттік тапсырысты кезең-кезеңімен жою және өнеркәсіп секторын субсидиялау саясатын барынша баяу жүргізу экономикаға айтарлықтай тірек болды. Нәтижесінде мемлекет Алмалық тау-кен металлургия комбинаты, Навои тау-кен металлургия комбинаты, алтын, уран, көмір, мұнай мен газ сынды салалардағы стратегиялық кәсіпорындарға бақылауын сақтап қалды.
Өзбекстан экономикасын тұрақтандыру үшін кеңестік жүйеден заманауи нарықтық қарым-қатынасқа кезең-кезеңімен өте бастады. Бұл ретте нарықтық экономикаға көшудегі өзбек моделі қытайдың мемлекеттік секторды басқарудың директивті жоспарлы тетігімен және жеке секторды индикативті реттеумен аралас экономика құруды көздейтін реформа моделі; Ресейдің монетарлық бағаға, қаржы-кредиттік және сыртқы экономикалық саясатқа басымдық беретін экономиканы ырықтандыру моделі, Түркияның мемлекет тарапынан кәсіпкерлік қызметке белсенді қолдау көрсетілетін моделі сынды экономикалық түрлену модельдерінің көптеген ережелерін ықпалдастырды.
Қабылданған іс-шаралар Өзбекстанға посткеңестік мемлекеттердің ішінде ең бірінші болып өндірістің құлдырауын тоқтатуға және экономикалық өсімге көшуге мүмкіндік берді. Егер КСРО-ның өзге елдерінде өнеркәсіптің бір салалары жоғалып жатса, Өзбекстан жаңадан кәсіпорындар құрды. Оған автомобиль саласы жарқын дәлел бола алады. 2001-2015 жылдары ішінде Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі қазіргі бағамен 7,8 есе, 86,2 млрд долларға өсіп, 15,8 пайыз деңгейінде орташа жылдық өсімді паш етті.
Аграрлық бағыттан индустриализацияға
2016 жылы Өзбекстан билігі транзитінен кейін жабдық модельді проактивті модель қарқынды ығыстырған дамудың мүлдем жаңа кезеңіне өтті. Сыртқы саяси диалог ахуалы мен ынтымақтастық сипатын жақсарту инвестиция ағынын айтарлықтай ұлғайтты әрі сыртқы сауда жандана түсті. Өнеркәсіпті реформалау Өзбекстан дамуы жаңа бағдарының басты бағыттарының біріне айналды. Өнеркәсіптік дамудың экспорттық-шикізаттық моделі бірте-бірте өзінің әлеуетін жоғалтатынын, экономиканы, жалпы елді тұрақты әрі теңгерімді дамыту үшін қатер төндіруі мүмкін екендігін түсінді. Шикізаттық ресурстарды барынша терең өңдеу және ресурстарды үнемдеу мәселесін шешу маңызды болды. Үкімет проблемаларды біртіндеп еңсеру үшін 2016-2021 жылдары Ұлттық өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы негізінде өндірістің базалық салаларын дамыту бағдарламасын жүзеге асырды және ол қомақты нәтиже де берді. Елдің ЖІӨ-ндегі индустрия үлесі 19,5-тен 27,4 пайызға дейін, құрылыста 5,6-дан 6,7 пайызға дейін артты. Аталған кезеңдегі өндіріс өсімі 33 пайыздан, ал өңдеу өнеркәсібінде 43 пайыздан асып түсті.
Экспортты ынталандыруға, дайын өнімдердің тізілімі мен атауын кеңейтуге тыңғылықты назар аударылды. Бұл жайт 5 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің (алтын экспортын қоспағанда) экспортын 64,7 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тоқыма (41,5 пайыз), химия өнеркәсібі (11,4), металлургия (24,2) және машина жасау (9) өсімнің негізгі драйверіне айналды.
Автоөнеркәсіп пен тоқыма – табыс кепілі
Өзбекстанның автоөнеркәсіп саласы шетелдік инвесторларды тарту есебінен өте қарқынды дамып, жеңіл автомобильдер құрасыруда 2,7 есе өсім көрсетті. 2021 жылдың қорытындысында республика 235 мың машина жасап, Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші орынға, ал посткеңестік кеңістікте Ресейден кейін екінші орынға шықты. Бұған қоса, автобус өндірісі 159 пайызға, жүк көліктерін шығару 107 пайыза ұлғайды. Автоөнеркәсіп саласын оқшауландыру деңгейі 60 пайыздық межеге жетті.
Бүгінде салада мынадай кәсіпорындар жұмыс істеп тұр: UzAutoSanoat – ірі торапты құрастыру автокәсіпорны холдинг; «ДжиЭмӨзбекстан» – жеңіл автомобильдердың толық классы өндірісі; «СамАвто» – автобустар мен жүк көліктерін шығарын өзбек-жапон кәсіпорны; JV ManAuto-Uzbekistan – MAN маркалы арнаулы техникалар, жүк көліктері мен тіркемелер шығаратын өзбек-неміс кәсіпорны. Мұнан бөлек ауыл шаруашылығы техникаларын шығару Ташкент трактор зауытында, «Өзбексельмаш», «Ташсельмаш» және «Чирчиксельмаш» кәсіпорындарында жолға қойылған.
Аталған кезеңде республика жеңіл өнеркәсіпті де серпінді дамытты. Осылайша, мақта-шитіні шикізат ретінде экспорттаудан мата шығару өндірісіне көшіп, тоқыма бұйымдарының көптеген түрлерін тігуді қолға алды. Бүгінде 1 500-ден астам түрлі кәсіпорынды, оның тоқыма саласының 269 және тігін-трикотаж саласының 1 143 кәсіпорнын қамтитын «Өзбектоқымакәсіпорны» холдингі нарықтғы ең ірі ойыншыға айналған.
Ел өндірілетін өнімдер спектрын айтарлықтай әртараптандырып, ауыл шаруашылығының даралану проблемасын шеше алды. Тәуелсіздік алған сәтте ауыл шаруашылығындағы барлық жердің жартысына жуығы мақта-шиті өсіруге пайдаланылатын. Өзбекстан мақта алқаптарын қысқартып, дәнді дақылдарды егудің арқасында бірнеше жылдың ішінде 80 пайызы импортталып отырған бидаймен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізді. Бүгінде жылына 7,6 млн тонна астық бастырып отыр.
Шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлік жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру арқылы экономика дамуының нағыз драйвері саналады. 2021 жылы республиканың жалпы ішкі өніміндегі ШОБ үлесі 54,9 пайызға жетті. Жалпы, соңғы жылдары бұл саладағы субъектілерді қолдау мақсатында Өзбекстан Республикасы Президентінің 50-ден астам жарлығы мен қаулысы қабылданды. 2016-2021 жылдары іске қосылған реформалардың нәтижесінде Өзбекстан даму барысында қарқынды серпін жасады және 5 жылдың ішінде өңірдегі ең қарқынды дамушы, инвестициялық тартымды экономикалардың біріне айналды.
Инвестиция мен өңірлік кооперация – экономика дамуының драйвері
Жаңа Өзбекстанның елдің экспорттық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған және 2022-2026 жылдарға есептелген даму стратегиясы аясында экономиканы байыпты түрлендіру жалғасуда.
Құжат түрлі жеңілдіктер енгізудің арқасында елде қолайлы инвестициялық ахуал құруды көздейді. Осылайша, Өзбекстан таяу 5 жылдың ішінде 120 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Оның 70 млрд доллары шетелдік инвестиция болмақ. Бұл ретте энергетика, көлік, су шаруашылығы, коммуналдық салалар, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және экология басымдық ретінде айқындалған.
Өзбекстан жаңа экономикалық тұжырымдама аясында 5 жылдың ішінде ЖІӨ мөлшерін 100 млрд долларға жеткізуге, экспортты еселеп, 30 млрд долларға ұлғайтуға, ал ЖІӨ-дегі жеке сектор үлесін 80 пайызға дейін арттыруға ниетті. Сонымен қатар Өзбекстан халқының табысы орташа деңгейден жоғары елдердің қатарына қосылуды көздеп отыр.
Еуразиялық даму банкі сарапшыларының пайымынша, Өзбекстан экономикасының негізгі басымдығы – оның үнемі өзгеріп отырған сыртқы ортаға тез бейімделуі. Ал бұған өз кезегінде жұмыс күшінің артуы септігін тигізеді. Бүгінде республика халқының саны 36 млн адамнан асып жығылды. Бұған қоса, елде 30 жасқа дейінгі тұрғындардың үлесі басым, олар халықтың 60 пайызын құрайды.
Дүниежүзілік банк 2023 жылы Өзбекстанның экономикалық өсімі 5,1 пайызға жетіп, одан кейінгі екі жылда 5,4 жне 5,8 пайызға дейін жеделдейді деп болжап отыр. Ал бұл Еуропа өңірі мен Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш саналады.
Forbes сарапшысы Рапоза жаңа экономикалық реформалар табысты жүзеге асырылған жағдайда Өзбекстан Орталық Азиядағы Сингапурға айналуы мүмкін екендігін атап өтеді.