БастыСаясатЭкономика

Өзбекстан алдағы бес жылда жалпы ішкі өнімді 160 млрд долларға жеткізбек

Бұл туралы Самарқанда өткен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі басқарушылар кеңесінің ІХ отырысында сөз сөйлеген көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті.

«Өткен кезеңде жалпы ішкі өнімнің көлемі 2 есе артып, алғаш рет 100 млрд доллардан асты. Біз келесі 5 жылда бұл көрсеткішті 160 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Ш. Мирзиёев.

Президенттің атап өтуінше, кейінгі 4 жылда елдегі кедейлік деңгейі 23%-дан 11%-ға дейін төмендеген. Өзбекстан биыл бұл көрсеткішті 9%-ға, ал 2030 жылға қарай 2 есе азайтуға ниетті.

«Біздің реформаларымыздың негізі — кәсіпкерлікті қолдау, барлық салада жаңа жұмыс орындарын құру және адамдардың табыс көзін арттыру», — деп тоқталды Өзбекстан басшысы.

Бұған қоса, көршілес ел «жасыл» экономиканы дамытуға басымдық бермек. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай «жасыл» энергия көздерін жалпы көлемнің 40% жеткізу жоспарланып отыр.

«Осыған байланысты Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі 2030 жылға қарай бүкіл портфельдің 50% климаттың өзгеруімен күрес жобаларына бағыттайды, бұл біздің мақсатымызға сай келеді. Өзбекстанда „жасыл“ энергия бойынша ірі жобаларды іске асыру барысында банктер жетекші шетелдік компаниялармен бірлесіп, аталған салаға жаһандық деңгейдегі жаңа стандарттарды енгізеді», — деп мәлім етті Ш. Мирзиёев.

Форумда сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Орталық Азияда азық-түлік қауіпсіздігі мен су тапшылығы мәселесіне де ерекше тоқталды.

«Өзбекстан бұл бағытта өз стратегиясын әзірледі және алдағы 5 жылда суды пайдалану тиімділігін 25%-ға арттыру арқылы 15 млрд текше метр су үнемдеуге мүмкіндік беретін жобаны қолға алды. Алайда су мәселесін шешу үшін бүкіл өңір мемлекеттері мен халықаралық қаржы ұйымдарының бірлескен жұмысы қажет. Осыған байланысты Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен ынтымақтастықта су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі аймақтық Орталық құру бастамасын көтергім келеді», — деп түйіндеді президент.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button