
Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаевтың айтуынша, стратегияға ядролық материалды тасымалдау, пайдалану және оны жою жөніндегі талаптар мен ережелер енген.
— Әзірленген стратегияның жобасы пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтарды қолдану, жою тәртіптерін қамтиды. Атап айтқанда, ядролық материалды ел аумағында және Өзбекстаннан тыс жерлерде тасымалдау талабы мен ережесін сақтауға мән берілді. Сондай-ақ, құжатта осы процестерге қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру мен ғылыми-техникалық базаны жетілдіруге бағытталған шаралар легі қарастырылып отыр, — деді Азим Ахмедхаджаев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Спикер атап өткендей, өзбек тарапы салынатын атом электр станциясына қажетті ядролық отынды елде өндірілетін табиғи ураннан алу мүмкіндігін зерделеп жатыр.
— Елде өндірілетін уранды дайын өнімге айналдыру үшін шикізатты өзге тарапқа беру арқылы АЭС-ті ядролық отынмен қамтамасыз ету ұсынысы әзірге пысықталып жатыр. Бұл ретте жобаның экономикалық тиімділігі мен ықтимал тәуекелдеріне талдау жасау маңызды, — деп тоқталды Азим Ахмедхаджаев.
Айта кетейік, Өзбекстан уран өндірісі бойынша әлемде 5-орында болса, аталған металлдың қоры жөнінен жаһандағы 10 мемлекеттің қатарына кіреді.
— Уран өндіру саласындағы ұлттық әлеуетті тиімді пайдалану атом энергетикасын одан әрі дамытуға негіз болатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде ел экономикасын ілгерілетуге серпін береді. Реакторларды ядролық отынмен қамтамасыз ету үшін Ресей, Қытай, Франция және АҚШ сияқты елдер уранды байытуымен айналысып келеді. Бұл факторлар Өзбекстанда уранды пайдалануға бағытталған кешенді стратегия әзірлеудің маңыздылығы мен өзектілігін дәлелдеп отыр, — деп түйіндеді Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев.