Қазақстанның Маңғыстау өңіріндегі қасиетті Отпан тауында 2025 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы – Ақтау қаласының бастамасымен «Түркі әлемінің тотемі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Көпке мәлім болғандай, биыл Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленді. Соған орай, жыл соңына дейін өңірде 30-дан астам ауқымды мәдени шара өткізу жоспарланған. Бұл шаралардың қатарында жыл сайын Отпан тауда тұтанатын «Бірлік» оты және Амал мейрамы да бар. Бұл күні алыс-жақын шетелден қонақтар келіп, маңғыстаулықтармен бірге көрісу күнін атап өтеді. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, көпшілік ұлттық спорт ойындарында бақ сынайды.
Осы жолғы жиында ғалымдар мен өлкетанушылар «Қарашаңырақ» ғимаратына жиналып, түркі халықтарының терең тарихын, бай тілі мен әдебиетін, мәдениетін әлемге дәріптеудің тиімді жолдары бойынша өзара пікір алмасты. Бұл жиын түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, ортақ құндылықтарды насихаттауға зор үлес қоспақ.