Өскеменде Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

Бүгін Өскемен қаласында Тәуелсіздік монументі алаңында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.
Оған қала тұрғындары, ардагерлер, әскери қызметшілер, жастар және мемлекеттік қызмет өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Қазақстанның Әнұраны шырқалған сәтте көк байрақ көкке көтеріліп, елдің еркіндігі мен бірлігінің, тәуелсіздігінің нышанына айналды.
– Баршаңызды еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Азат елдің бүгінгі жетістіктері мен табысы, ауқымды реформалар мен ұзақмерзімді басымдықтардың барлығы ел егемендігінің арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Сондықтан егемендігімізді еселеп, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – баршамызға артылған абыройлы міндет!, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Салтанатты шараның ерекше сәті – жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі болды. Олар бүгін өз таңдаған мамандығына адал және ел үшін қызмет ету ұстанымдарына берік екенін ресми түрде растады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, біз күрделі замандағы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге қарамастан, Әділетті Қазақстанды – барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер елін құрып келеміз. Саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы реформалар Отанның өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Бұл сөздер мерекенің негізгі ұранына айналып, Республика күнінің басты мәнін – ел болашағы үшін жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті және дамуға деген ұмтылысты айқын көрсетті.
Салтанатты рәсім тағы бір мәрте мемлекеттің қуаты – халық бірлігінде, ұрпақтар сабақтастығында және өз күшіне деген сенімінде екенін еске салды.





