Өскеменде нұрдәулет ақыштың 75 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Алаш» және Жамбыл халықаралық әдеби сыйлықтарының лауреаты Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыштың 75 жылдық мерейтойына орай «Нұрдәулет Ақыштың әдеби әлемі» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Әдеби шараға өңірдің зиялы қауымы, студенттер, қоғам белсенділері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс филиалының төрағасы, жазушы-публицист Әлібек Қаңтарбаев жүргізді. Ол мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайлы қысқаша баяндап, кеш қонақтарын ашық пікір алмасуға шақырды. Сондай-ақ, Жазушылар одағының атынан Нұрдәулет Ақышқа шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында сөз алған қоғам және мәдениет қайраткерлері жазушының әдебиетке қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Кеш жазушының бай шығармашылық мұрасын насихаттау және жастарды ұлттық әдебиетке баулу мақсатын көздеді.