Өскеменде жас өрендер ант қабылдады

Өңірдегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының өркен жаюына Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қарқынды үлес қосуда.
Оның бір айғағы Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №24 орта мектебінде оқушылардың ант қабылдау рәсімі өтті. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған іс-шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Арман Сеитов және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты.
— Шара мақсаты әскерге дейінгі жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан біз аймақтағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз, — дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
— Біздің мектеп үшін Ұлттық ұланның атқарған іс-шаралардың ауқымы кең. Әсіресе, кеңес төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевдың оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беруде қыруар жұмыстар атқарды. Оқушылар Айдар Оразбаевтың арқасында әскердің қандай екенін өз көзімен көріп, жауынгерлік қызметпен танысты. Бүгін міне, 23 оқушы «Жас бүркіт» қатарына салтанатты түрде қабылданды. Алдағы уақытта Ұлттық ұланмен байланысымыз одан сайын нығая түседі деген ойдамын, — дейді №24 орта білім беретін мектеп директоры Ләззат Мәуітхан.
Білім ордасында Ұлттық ұланның ұйытқы болуымен «Жас бүркіт» сыныптары ашылып, оларға Тәжік-Ауған шекарасында шейіт болған он жеті жауынгердің есімдері берілген. Атап айтсақ, қатардағы жауынгерлер Анатолий Мешков, Ербол Исабаев, Қанат Едырышев ныспыларымен әскери-патриоттық сыныптары аталды. Сонымен қатар Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылған болатын.
Шара соңында ұйымдастырушы тарап, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, бейбіт өмірге қол созған батырларды еске алу мен құрметтеу әрдайым ұрпақ жадында сақталуы тиіс екендігін сөз етті. Еске салайық, кадет сыныптарында әскери-патриоттық тәрбиеге мән беріліп, әскери қызметке дайындау іс-шаралары қамтылған. Айта кетейік, жалпы орта білім беретін мектепте мың жарымнан астам оқушы білім алады.



