Өскеменде «Жас Бүркіт» патриоттық клубының мүшелері ант қабылдады

Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің базасында №49 мектептің оқушылары салтанатты түрде «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының қатарына қабылданып, ант берді.
Бұл іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру. Салтанатты рәсімге әскери бөлімнің жеке құрамы, ардагерлер және ұстаздар қауымы қатысты.
Жас бүркіттерге әскери бөлім басшылығы атынан клубтың куәліктері, арнайы бас киімдер мен әскери форма үлестірілді. Сонымен қатар, арнайы мақсаттағы бөлімше әскери ту мен клубтың рәміздерін мектеп өкілдеріне табыстады.
Салтанатты іс-шара барысында жас патриоттар елге адал қызмет етуге ант беріп, өздерінің алғашқы әскери дайындықтарын көрсетті.
– Бүгін біз үшін ерекше күн, – дейді №49 мектептің 10-сынып оқушысы, «Жас Бүркіт» мүшесі Алтынай Ринатқызы. – Біз Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, тәртіп пен батылдықты үйреніп жүрміз. Болашақта еліміздің нағыз қорғаушысы болуды армандаймыз.
Әскери бөлім командирі жас буынға табыс тілеп, олардың бойындағы патриоттық рух ел ертеңінің кепілі екенін атап өтті.
«Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубтары бүгінде елдің барлық мектептерінде құрылып, жастар арасында отансүйгіштік тәрбиесін насихаттауда.