Өскеменде жаңа Достық үйі салынбақ
Бұл туралы Достық үйлерінің І республикалық конгресі барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді. Еске салайық, 23–24 қыркүйек күндері Өскеменде Қазақстандағы азаматтық бірегейлікті нығайту және мәдени сан алуандылықты ілгерілетуге арналған өңіраралық диалог алаңы өтеді.
Шығыс Қазақстанда 100-ден астам қатысушы – республикалық және өңірлік Достық үйлерінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, сарапшылар, жастар және мемлекеттік органдар бас қосып, қазіргі заманғы келісім институттарын дамытудың сын-қатерлері мен перспективаларын талқылайды. Келелі жиынның Құрметті қонағы – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл форумның аймақ үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
«Шығыс Қазақстан мен бүкіл елдің дамуына түрлі этнос өкілдері маңдай тері мен жанын салып келеді. Мәдени әралуандылыққа негізделген байлығымыз – күш қуатымыз бен мақтанышымыздың қайнар көзі. 33 жыл бұрын, дәл осы жерде, азаматтардың бастамасымен Қазақстандағы алғашқы Достық үйі ашылғаны тегін емес. Бүгінде бұл алаң бірлік пен ынтымақтастықтың, азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелейтін ортаға айналды», – деді өңір басшысы.
Конгресс бағдарламасы сараптамалық және мәдени іс-шараларға толы. Атап айтқанда, «Достық тәжірибесі: нәтижелі үлгілер» атты сессия Сол жағалау музей кешеніндегі этноауылда өтпек. Бұл пікірталастың дәстүр мен заманауи азаматтық бастамалар үлгісіне айналған кеңістікте өтуі –символдық мәнге ие.
Қонақтар үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының ШҚО Жастар театры арнайы қойылым ұсынатынын да айта кеткен жөн. Спектакль заман мазмұны мен алуан мәдени кодқа толы және жастардың бейбітшілік, келісім және бірлік жайлы көзқарасын айшықтайды.
Конгресс соңы– 24 қыркүйек күні Риддер қаласындағы «Ассамблея жастары» жастар мектебімен тәмамдалады. Еліміздің барлық өңірінен келген жас делегаттар этносаралық құрмет пен ынтымақ атмосферасын қалыптастыру рөлін талқылайды.
«Достық үйлері еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп келеді. Ардагерлер, белсенділер, Ассамблея негізін қалаушылар еңбегінің нәтижесін бүгін анық көріп отырмыз. Мұра боп келе жатқан құнды тәжірибені сақтап, дамытуымыз қажет», – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс басшысы цифрлық сын-қатерлер жағдайында ақпараттық қауіпсіздік пен этносаяси үдерістерді кәсіби сүйемелдеу мәселелерінің маңызын да атап өтті. Өңірде зерттеу әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда – Жас ғалымдар клубы, «Жас ғалым мектебі», «Коучинг және менторинг» жобалары, сондай-ақ этносаясат және этнокоммуникацияда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары жұмыс істеп тұр.