Өскеменде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп қолданысқа берілмек
Өскеменде оқушыларға заманауи және қолайлы жағдай жасайтын 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталды.
Бұл білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев құрылыс нысанын аралап, оның сапасын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – білім инфрақұрылымын жаңартып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту.
Жаңадан ашылатын мектеп бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктарға бөлінген. Бұл оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, оларға барынша жайлы жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар, мектепте балалардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға арналған арнайы жабдықталған кабинеттер мен зертханалар бар.
— Роботты техника мен еңбекке баулу сабақтары бір-бірін толықтырып, заман талабына сай болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жыл- Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Соған байланысты біз оқушылардың жұмысшы мамандықтарына деген құрметі мен қызығушылығын арттыруымыз керек, — деді Ермек Беделбайұлы.
Мектеп құрылысы толығымен аяқталды, алдағы үшінші тоқсаннан бастап оқушыларды қабылдауға дайын. Барлық сыныптар қажетті оқу құралдарымен толық жабдықталған.
– Қазір ұйымдастыру және құжат рәсімдеу жұмыстары аяқталуда. Лицензия алып, аттестациядан өту ғана қалды. Бұл жұмыстарды 10 күн ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келешекте бұл мектеп басқа білім ошақтары үшін үлгі болады, – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, жаңа мектепте білім беру қазақ тілінде жүргізіледі.