Бүгін IT-сарапшылар, әзірлеушілер және стартапшылар бір алаңға жиналды. Oskemen Hub пен Grand Games ұйымдастырған жыл қорытынды іс-шарасы — X-mas TechNight қызықты баяндамалар мен практикалық тәжірибеге толы болды.
Шара барысында қатысушылар жаһандық өнімдерді жасау, бұлтты технологиялар, serverless-архитектура, CI/CD, жасанды интеллект және IT саласындағы кәсіби дамуға қатысты тақырыптарды талқылады. Спикерлер Қазақстанның кез келген өңірінен халықаралық деңгейдегі өнім жасауға болатынын атап өтті.
Іс-шара спикерлері арасында Grand Mobile компаниясының CEO-сы Роман Линейцев, Freedom Cloud CTO-сы Арман Нұрғалиев, Flowsell жобасының теңқұрушысы Айгерім Нұрғалиева, nFactorial Club қауымдастығының Community Experience жетекшісі Шұғыла Сағынбекова, Senior DevOps Engineer / Architect Александр Петров және Bereke Bank Android Tech Lead Иван Луценко болды.
Қатысушылар баяндамаларды қызыға тыңдап қана қоймай, тәжірибе бөлісуге және пікірталасқа белсенді қатысты. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, X-mas TechNight 2025 IT-қауымдастық үшін жаңа серпін беріп, өңірде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашты. Алдағы уақытта Oskemen Hub пен Grand Games жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.



