Өскеменде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

Бүгін Өскемендегі ірі сауда және ойын-сауық орталығында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті.
Бұл шара елімізде бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруды мақсат етеді. Өскемен қаласында аталмыш акция биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Акция барысында ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тұрғындарды жеке қабылдап, тегін құқықтық көмек көрсетті.
– Бұл шараның басты мақсаты – ешқандай ақы-пұлсыз халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзекті мәселелердің шешімін табуға көмектесу. Әр азамат осында келіп, мемлекеттік органдар мен елдің заң қауымдастығының үздік өкілдерінен нақты, кәсіби кеңес ала алады. Акцияға өңірге танымал адвокаттар мен заңгерлер, нотариустар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, полиция және әкімдік қызметкерлері, сондай-ақ әділет және салық органдарының мамандары, жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасының өкілдері қатысып отыр, – деді ұйымдастырушылар.
Екі сағатқа созылған акция кезінде ондаған қала тұрғыны өз сұрақтарына нақты жауап алды. Тұрғындар арасында зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мектеп мұғалімдері мен жеке кәсіпкерлер де болды.
Қатысушылардың бірі, есімін атамауды өтінген қала тұрғыны облыстық прокуратура қызметкерінен өзінің жылжымайтын мүлкін заңдастыру мәселесі бойынша пайдалы кеңес алғанына ризашылығын білдірді:
– Мұндай шаралар өте қажет. Көпшілігіміз заңды толық білмейміз, кейде қайда, кімге жүгінерімізді білмей жатамыз. Ал мұнда барлығы бір жерде, түсінікті әрі ашық түрде түсіндіреді, – деді ол.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев акцияның маңыздылығын атап өтті.
– Бұл акция – «Заң және тәртіп» қағидасын іс жүзінде жүзеге асырудың көрінісі. Әділетті Қазақстан құру жолында құқықтық мәдениет пен заң үстемдігі – басты бағыттардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің соңғы Жолдауында да қоғамда тәртіп орнату мен әділетті заң жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударды. Бүгінгі шара – сол саясаттың нақты жүзеге асуының айғағы. Заң – ортақ. Ол лауазымға, атақ-абыройға, мансапқа немесе жеке мүддеге қызмет етпейді. Әркім заң алдында тең, сондықтан құқықтық сауаттылық – қоғам дамуының басты кепілі, – деді облысы әкімінің орынбасары.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: адам, еңбек, әділдік» атты Жолдауында ел дамуының негізгі тірегі ретінде заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарының қорғалуына басымдық беру қажеттігі атап өтілген болатын. Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың басты шарты – әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігі мен мемлекеттік органдардың халыққа ашық қызмет етуі екенін ерекше көрсеткен. Өскеменде өткен осындай акциялар сол бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Ұйымдастырушылар тұрғындарға заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салып, әркімнің өз құқығын білуі және оны қорғай алуы – әділетті қоғамның негізі екенін атап өтті.
Көпшілік мұндай шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылуын сұрап, «Халық заңгері» жобасына алғыстарын білдірді.



