Басты

Өскеменде фельдшерлер жүрегі тоқтаған жұмысшының өмірін аман алып қалды

«Казцинк» компаниясының Өскемен металлургия алаңындағы мырыш өндіру цехының №2 медициналық пунктінің кезекші фельдшерлері Лимара Жамелова мен Елена Долгова-Сабурова клиникалық өлім жағдайына түскен «Казцинк-Транс» кәсіпорнының тиегіш жүргізушісіне дер кезінде көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Таңғы уақытта жұмысшының әріптесі шұғыл хабар берген соң, медицина қызметкерлері екі минут ішінде оқиға орнына жеткен. Олар науқасқа жедел коронарлық синдром салдарынан клиникалық өлім диагнозын қойып, шұғыл реанимациялық шараларға кірісті. Жүрек қызметі қалпына келген соң, 25 минуттан кейін науқас жағдайы тұрақталып, оны кардиологиялық жедел жәрдем бригадасы қабылдап алды.

Фельдшер Елена Долгова-Сабурова зардап шеккен жұмысшыны жылжытпай, асфальт бетіне көмек көрсету уақытын тіркеп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда ең маңыздысы – нұсқаулыққа сай әрекет етіп, сабыр сақтау.

Құтқарылған қызметкер облыстық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалды. Кейіннен ол реанимация бөлімінен жалпы кардиология бөліміне ауыстырылды.

Айта кетейік, Елена Долгова-Сабурова өндірістік салада фельдшер болып 30 жыл еңбек етсе, Лимара Жамелова бұған дейін Өскемен қалалық жедел жәрдем станциясында 10 жыл қызмет еткен тәжірибелі маман. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік фельдшер» атағымен марапатталған. «Казцинктегі» бұл оның алғашқы жұмыс ауысымы болған.

TuraNews

Back to top button