Спорт
Trending

Өскеменде дзюдодан республикалық ашық турнир өтіп жатыр

Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында дзюдодан кадеттер арасында республикалық ашық турнир басталды.

Бұл жарыс Шығыс Қазақстандағы самбо мен дзюдо спортының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Жанаділ Атаевтың құрметіне арналған, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Турнир – жай ғана жарыс емес. Бұл – жарты ғасырдан астам уақытын спортқа арнап, Қазақстанның спорттық элитасын тәрбиелеуге үлес қосқан тұлғаға деген тағзым. Жанаділ Атаев – жеңіс пен шеберліктің, спортқа адалдықтың символына айналған есім. Ол Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, Қазақстан чемпиондары атанған 120-дан астам спорт шеберін тәрбиелеген.

Аталған турнирге еліміздің Астана, Павлодар, Екібастұз, Абай, Алматы облыстары мен Өскемен қаласынан келген спортшылармен қатар, Қырғызстаннан және Ресейдің Хакасия аймағы мен Новосібір қаласынан 10 команда, 200-ден астам жас татами шебері қатысып жатыр. Жарыс 50-ден 90 келіге дейінгі жеті салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Жас спортшылар тек техникаларын ғана емес, сондай-ақ, табандылық пен күрескер мінездерін де көрсетуде.

Салтанатты ашылу рәсіміне спорт жанкүйерлері мен қатысушылардың ата-аналарынан бөлек, еліміздің спорт саласындағы белгілі тұлғалар да қатысты. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөз сөйлеп, мұндай турнирлердің жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мен олардың физикалық дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

– Жанаділ Атаевтың есімі Шығыс Қазақстаннан тыс өңірлерге де кеңінен танымал. Ол құрған спорттық жүйе әлі күнге чемпиондар тәрбиелеп келеді. Осындай турнирлер – бұл ел спортының болашағына салынған стратегиялық инвестиция, – деді Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы президенті Айбек Имашев.

Олимпиада чемпионы, шығыстың мақтанышы Ольга Рыпакова өз сөзінде облыста бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

– Мұндай турнирлер ел мен елді, өңір мен өңірді жақындастырып қана қоймай, балалардың бойында спортқа деген сүйіспеншілікті, жеңіске ұмтылысты қалыптастырады, – деді чемпион.

Салтанатты шараға өзі де қатысқан Жанаділ Атаев көрермендер мен қатысушылардың зор қошеметіне бөленді. Ол жыл сайын турнирдің географиясы кеңейіп, қатысушылар саны артып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

– Турнирдің менің атыммен аталғаны – үлкен мәртебе. Бірақ ең бастысы – сіздерсіздер, жас спортшылар! Еңбекқор болыңыздар, бапкерлерді құрметтеңіздер, спортты шын жүректен сүйіңіздер. Сонда ғана көздеген армандарыңызға жетесіздер, – деді ардагер бапкер.

Иә, мұндай жарыстар – жай ғана дода емес. Бұл – ел мен өңірдің спорттық әлеуетінің көрсеткіші, әрі адам капиталына құйылған маңызды инвестиция. Өйткені спорт – тек жеңіс қана емес, бұл – тәртіп, төзімділік, командалық рух және өмірде қажет болатын қасиеттердің мектебі.

Өскемендегі турнир – даңқты бапкерге көрсетілген құрмет қана емес, болашақ чемпиондардың жолын ашатын алғашқы қадам болуы да мүмкін. Кім білсін, ертең халықаралық ареналарды бағындыратын спортшылардың жолы осы татамиден басталуы ғажап емес.

TuraNews

Back to top button