Орталық Азиямен қатынасты дамыту әлемде сыртқы саяси трендке айналуда

Қазіргі уақытта Орталық Азияның ішіндегі де, төңірегіндегі де белсенділік ағымдағы геосаяси жағдайларға негізделген. Өңірмен байланысты жолға қою тек шекаралас мемлекеттер үшін ғана емес, сонымен бірге одан тысқары жатқан елдердің де саяси күнтізбесіндегі өзекті трендке айналып келеді. Өңірдің күшеюінің басты факторлары мен оның халықаралық аренадағы маңыздылығы жайлы ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.
Орталық Азия халықаралық қатынастың жеке субъектісіне айналуда
2022 жылғы қазанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) соңғы саммитінде Қазақстан Президенті орын алып отырған геосаяси жағдайда Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі тек ғана күшейе түсетіндігін атап өткен еді. Аймақ Азиядағы тепе-теңдік территориясына айналып, оның көпжақты ынтымақтастық моделі бүкіл әлемде сұранысқа ие болады. Шынында да, басқа елдер мен аймақтар бір-бірінен алшақтап бара жатқанда, бүкіләлемдік қауымдастық Орталық Азия елдерінің бірігуін бақылап отыр. Геосаяси турбуленттілік жағдайында көпжақты ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтудың көреген саясаты векторын Қазақстан белгілеп берді. Осы жылдың мамыр айында «Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті өтті. Ол Орталық Азия өңірі елдері мен Қытай ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған. Ал маусым айының басында «Орталық Азия – ЕО» екінші саммиті өтті. Халықаралық іс-шара жаңа геосаяси жағдайларды ескере отырып, толығымен халықаралық қауіпсіздік мәселесіне арналды. 5 маусымда Қазақстан Президенті «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Құжат аталған институттың құқықтық мәртебесін, қызмет тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Осылайша, өңір ынтымақтастықты белсенді дамытып, барлық бағытта өз позициясын нығайтуда. Бұл ретте, Қазақстан қарым-қатынастарды дамытуда жетекші рөл атқарады. Бүгінде Орталық Азияның халықаралық қатынастардың жеке субъектісіне айналғанын көріп отырмыз.
Ортаазиялық өңірмен қатынасты дамыту неліктен трендке айналды ?
Біріншіден, аймақ Ресей мен Қытайға жақын орналасқан ыңғайлы көлік торабы саналады. Екіншіден, барлық елмен достық қарым-қатынаста және бұл оның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін көрсетеді. Жылдам өзгеретін геосаяси жағдайларды және онымен байланысты проблемаларды ескере отырып, жаһандық сауда ағындарының ығысуы, өңір елдерінің ынтымақтастығын дамытудың күшеюі ерекше маңызға ие болуда. Осыған байланысты, сарапшылардың пікірінше, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі факторларының бірі – сауданы ұлғайту. Маусым айының басында Қазақстан астанасында өткен Астана халықаралық форумының сарапшылары да осындай қорытындыға келді. Тәжікстандағы International Finance Corporation (IFC) өкілі Фарух Султоновтың айтуынша, Орталық Азиядағы сауданы дамыту үлкен әлеуетке ие.
«…Бүгінде өңір елдерінің арасындағы сауда-саттық небәрі 8-9 пайызды құрайды. Ал Еуропа елдері арасындағы тауарлар мен қызметтердің сауда-саттық деңгейі 30-35 пайызға жетеді. Және де қазіргі уақытта мықты бола түсу үшін елдеріміздің арасындағы сауда-саттық деңгейін көтеру маңызды. Бұған дейін орын алған дағдарыс мұны бізге айқын көрсетіп берді. Бізде тіпті «Алыс ағайыннан жақын көрші артық» деген мақал да бар. Қазіргі уақытта осыған қатысты түсінік те қалыптасты», — деп атап өткен еді Фарух Султанов форум аясында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның түсіндіруінше, өңірде тұрақтылық болған кез жеке сектор үшін әр уақытта да қолайлы. Ал жаһандық тұрақсыздық кезіндегі өңірдегі тұрақтылық жеке сектор үшін бизнесті ұйымдастыру және жүргізу үшін маңызды. Сонымен қатар ол өңірдің күшеюі өзге елдерге қалай ықпал ететіндігіне қатысты пікірін бөлісті.
«Сондай-ақ көрші елдерге шығу мүмкіндігі де маңызды. Қызықты дерек – Орталық Азия Жер шары тұрғындарының 30 пайызынан ұшақпен небәрі 2 сағаттық қашықтықта орналасқан. Үндістан, Қытай, Пәкістан, Түркия, Ресей қасымызда – бұл үлкен нарық әрі үлкен әлеует. Сол себепті өзіміздің көршілерімізбен көпвекторлық ынтымақтастық және достық қарым-қатынас саясатын жалғастыру маңызды», — деп санайды спикер.
Сарапшының пікірінше, мұндай қатынасқа қол жеткізудің басты факторы – сенім.
«Бірінші кезекте бұл – ел көшбасшылары арасында, одан кейін бизнес қоғамдастық пен халық арасында сенім қалыптастыру. Бізде бұл үшін негіз бар – ортақ тарих, мәдениеттер, тіпті дін ұқсастығы. Меніңше, егер сенім артатын болса, онда елдер іскерлік қатынасты дамытып, тереңдетеді. Үлкен мәдени алыс-беріс болып, түптеп келгенде аталған деңгейге көтерілеміз», — деді Фарух Султанов.
Саудаға қатысты мәселелердің бірі Ресейге қатысты санкциялар мен олардың Орталық Азия өңірі арқылы орағытып өту қаупі болып қала бермек. Бұл тұрғыда Еуропалық одақ барлық әрекет халықаралық заңдардың аясында болуына өз үлесін қосуға тырысады.
«БҰҰ-ның экономикалық комиссиясы Канада, АҚШ, Еуропалық одақ, бұрынғы Кеңес одағы мен бұрынғы Югославияны қоса алғанда 56 елді қамтиды. Біз үшін бұл – Орталық Азияны да қамтитын панеуропалық өңір. Әрине, өңірдің түрлі аймақтары арасындағы ықпалдастық, өзара іс-қиыл, сауда стандарттарын жақындату күнтәртібін қараймыз. Сондызтан да біз үшін Орталық Азияның әлемдік нарықпен барынша ықпалдасуы маңызды. Бұл халықаралық нормалар мен стандарттарды, оның ішінде БҰҰ нормаларын, стандарттарын, көлік, сауда және қоршаған ортаға қатысты хаттамаларын пайдалануды көздейді», — деді БҰҰ Еуропалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшы атап өткендей, өңірдегі сауда деңгейін арттырудың басты факторы — ең алдымен, ішкі нарықтың маңыздылығын түсіну және жалпы реттеу тетіктерін құру бойынша күш-жігерді бағыттау.
«Мысал келтірейін, платформалық экономиканы дамыту әлеуеті бар – бұл Amazon, Alibaba және басқалары. Астанада немесе Душанбеде, Бішкекте бір түймені басу арқылы қандай да бір тауарға тапсырыс беріп, оны 2-3 күннен кейін үйіңізге алуға болатын жағдайды елестетіп көріңіз. Ол үшін өңірде Орталық Азия үшін электрондық коммерцияны жалпы реттеу болуы тиіс. Жүктерді кедендік тазарту жүйесі жылдам болуы қажет. Бұл Бішкектің жанындағы логистикалық орталықта сақталатын тауарлардың Ташкент маңындағы логистикалық орталықта сақталғандай жеткізілуіне мүмкіндік береді. Бұл саяси ерік-жігерді, электрондық коммерция нормалары мен стандарттарын келісуді және кедендік өзара әрекеттесуді талап етеді. Өзара іс-қимылдың бұл түрін жолға қою жаңа жұмыс орындарын құрады және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартады», — деді ол.
Байланыс – Орталық Азия үшін экономикалық өсім катализаторы
Әдетте, байланыстылық дегеніміз – көлік байланысы және көлік дәліздері. Алайда, байланыстылық ұғымы инфрақұрылымның дайындығы, цифрлық байланыс және мәдени алмасу сияқты факторларды қамтиды. Шын мәнінде, байланыстылық — бұл адамдарды, орындар мен идеяларды біріктіру мүмкіндіктері, географиялық шекаралармен шектелмейтін байланыс пен өзара әрекеттесудің көрінбейтін желісі. Бұл ретте жақсартылған байланыстылық тауарлар мен қызметтердің, ақпараттың ағынын жеңілдетеді, кәсіпорындарға өздерінің қатысуын кеңейтуге, жаңа нарықтарға қол жеткізуге және жаһандық құн тізбектеріне қатысуға мүмкіндік береді.
Аймақтың байланыстылығын дамыту оның экономикалық өсімі мен дамуына катализатор бола алады. Осыған байланысты орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағыты пікірталастың маңызды бөлігі саналады. Бағыт Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және одан әрі Еуропа елдеріне өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия байланыстылығын дамыту қажеттігін бірнеше мәрте айтқан болатын.
«Аймақтың көлік байланысын арттырып, біртіндеп транзитке жағдай жасау керек. Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерінде орналасқан Орталық Азияның географиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті», -деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың шілдесінде Шолпан-Атада өткен Орталық Азия Мемлекет басшыларының консультативтік кездесуінде.
Айта кетерлігі, Қазақстан Орталық Азияның күшеюінің маңыздылығына және оның жалпы қауіпсіздікке қосар үлесіне назар аударып, аймақтың дамуын әрдайым қолдап келеді. Таяуда, 2023 жылдың 23 маусымында Алматыда Орталық Азия елдері мен Ресейдің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші отырысы өтті. Сарапшылардың пікірінше Орталық Азия өңір ретінде халықаралық қатынастың жеке субъектісіне айналып келеді. Өңір төңірегінің жандануы – саммиттерге, түрлі форматтағы кездесулерге негізделеді.
Орталық Азия өңірімен байланысты жолға қою өзекті трендке айналып келеді. Бұл ретте өзге елдерге Орталық Азия өзінің бірлігімен маңызды. Сондықтан өңірдегі бірлік мәселесі ерекше мәнге ие болуда. Орталық Азия елдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алса, өңір одан да мықты болмақ. Ал бұл өз кезегінде аймақ елдері көшбасылары арасындағы сенім деңгейіне байланысты. Өңір көшбасшылары арасындағы диалогтың жандануы барлық кедергілердің жойылуына деген үміт отын оятады.