18-19 мамыр аралығында Сиань қаласында өткен «Орталық Азия — Қытай» саммитіне Орта Азиядағы бес мемлекеттің басшылары келді. Мыңжылдық Жібек жолы шығыс пен батысты осы өңірлер арқылы басып өтетіні белгілі. Орталық Азия – «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бастау алған аймағы. Сіздер Орталық Азия туралы қаншалықты білесіздер? Әдемі табиғат көріністері, тамаша Жібек жолы мәдениеті, заманауи және сәнді қалалар, таң қалдыратын тағамдар… Келіңіз, көрікті Орталық Азияға тамаша саяхатты бірге бастайық, деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».
Осылай деп бастаған қытайдық БАҚ Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан қатарлы бес мемлекетті оқырмандарына жеке-жеке таныстырып шыққан.
Соның ішінде Қытайлық басылым еліміз туралы бөліміне «Азия мен Еуропаны ендей өтетін ел Қазақстан» деген тақырып қойған.
Қытайлық басылым бұл мақалада, Қазақстан — мыңжылдық Жібек жолында шығыс пен батысты байланыстыратынын, биыл құрылғанына 10 жыл толған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бастау алған елі екенін айтады.
Сондай-ақ бұл жазбада, Қазақстан дегенде көптеген адамдардың ойына әйгілі әнші Димаш оралатынын тілге тиек етіледі.
Бұл ел Азия мен Еуропаны кесіп жатқан, батысында Каспий теңізімен, шығысында Қытаймен шектесетін әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет. Қазақстанның жер көлемі әлемде тоғызыншы орында. Кең байтақ Қазақстан бай және алуан түрлі табиғи ландшафттарға ие. Ұлан-байтақ Қазақстан алуан түрлі жаратылыстық байлықтары бар ел екені де айтылады.
«Қазақстанның әсем табиғатынан басқа заманауи және сәнді жағы да бар. Небәрі жиырма жылдан астам уақыт ішінде елордасы Астана шағын қаладан заманауи қалаға айналды. Астанада осы заманғы сәнді ғимараттар бірінен соң бірі бой көтерді. Әрі олардың көпшілігін әлемнің ең үздік сәулетшілері жобалаған. Солардың ішінде ең маңыздысы – «Хан Шатыр» сауда ойын сауық орталығы. Ол әлемдегі ең үлкен шатыр тәріздес ғимарат. Онда жылуды жақсы сіңіретін материалдар қолданылады. Сыртқы ауа температурасы минус 30°C болса да, іші жылы болып тұрады», деп жазады «Орталық халық радиосы».
Қытайлық басылым бұл жазбаны қазақстандықтардың ұлттық тағамдарын таныстыруымен түйіндеген.