Соңғы бес жылда Орталық Азияда есірткі қылмыстарының саны 83 пайызға өсті, деп хабарлайды Kazinform.
Мұндай деректерді Самарқандта өтіп жатқан Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының отырысында Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Баходир Ташматов мәлім етті. Ол өз баяндамасында бүгінде халықаралық қауымдастық жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жиі өзгеретін жүйесі трансұлттық қауіптерді еселей түсті.
— Қазіргі таңда бұл бағыттағы әлемдік жағдай өте күрделі. Біз жаңа синтетикалық препараттар мен психотропты заттардың таралу ауқымының ұлғайғанын байқап отырмыз. Тек соңғы бес жылда Орталық Азияда есірткі қылмыстарының саны 83%-ға өсті. Контрабанда — 55%, ал тәркіленген препараттардың көлемі — 52%, синтетикалық есірткінің, оңың ішінде метамфетаминнің заңсыз айналымы 62%-ға артты, — деді Баходир Ташматов баяндама жасай отырып.
Оның сөзінше, Орталық Азия аймағы ұзақ жылдар бойы қолданылып келе жатқан жаһандық есірткі трафигінің негізгі транзит дәлізі саналады.
— Жыл сайын өңір арқылы 90 тоннаға жуық героин өтеді, оның едәуір бөлігі Ресей мен Еуропаға бағытталады. Алайда, бүгінде қауіп тек транзитпен шектелмейді. Атап айтқанда, ішкі өндіріс уақыт өткен сайын арып барады. Кейінгі бес жылда аймақта синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертханалардың саны 111%-ға өсіп, 331-ге жетті. Өзбекстанда 2024 жылы осындай бес зертхана анықталса, биыл 9 айда олардың саны 10-ға теңелді. Бұл бүкіл аймақ үшін қауіптің еселене түскенін айғақтайды, — деп тоқталды Б.Ташматов.


