Оралда полиция қызметкеріне пара бермек болған өзбекстандық азамат ұсталды
Орал қаласында полиция қызметкеріне пара бермек болған өзбекстандық азамат ұсталды, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
БҚО полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Иманбаевтың мәлім еткеніндей, аталған азамат патрульдік полиция батальонының инспекторына 12 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Ол полиция қызметкерінен әкімшілік жауапкершілікке тартпауды өтінген.
Қазір ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
А.Иманбаевтың айтуынша, республикада, соның ішінде БҚО полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіліп, пара алушыларды да және пара берушілерді де жазалау қарастырылған.
«Биыл жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында ішкі істер органдары қызметкерлерінің пара алуға оқталу дерегі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді. Жыл басында ҚР Ішкі істер министрлігімен полиция қызметкерлерінің адалдығын тексеру мақсатында «Integrrity check» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта әр патрульдік полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, сондай-ақ олардың қызметтік автокөліктері және орындары ақпаратты автоматты түрде жіберетін немесе жедел басқару орталықтарына жедел әрекет ету үшін жүктейтін, азаматтармен тікелей байланыс жасайтын заманауи фиксаторлармен жабдықталды. Лауазымды тұлғаға пара беру ҚР Қылмыстық істер кодексінің 367-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын ескермеуге болмайды. Ол үшін ең жоғары жаза – 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған», — деді Асхат Иманбаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шаруа қожалығының басшысы адамдарды құлдықта ұстағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда автокөлік қағып кеткен қария жансақтау бөлімінде жатыр.