Орал қаласында кафеде жарылыс болды: Зардап шеккендер бар
Орал қаласында кафеде жарылыс болып, өрт шықты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қаңтар күні сағат 02.07-де Сырым Датұлы көшесі 52-мекенжайында өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр бөлігі қирап, 25 шаршы метр аумақты өрт шарпыған.
«Оқиға орнына 02:17 жеткен бірінші бөлімше екі қабатты «RIZYQ» дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы нәтижесінде ғимараттың 110 ш. м. аумағы қирап, 25 ш. м. аумақта өрт орын алғанын хабарлады.
Өрт сөндірушілердің күшімен өрт сағат 02:40-та жойылды. Қазіргі уақытта БҚО ТЖД және облыс әкімдігінің күштерімен қираған үйінділерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылды.», — деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаны БҚО әкімдігі де растап, оқиға орнына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы барғанын, зардап шеккендер бар екендігін жеткізді.
Қазіргі кезде істің мән-жайы анықталып жатыр.