Оңтүстік Корея түркологтары Түркі Академиясының жұмысына қызығушылық танытуда
14 ақпанда Астанада Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Оңтүстік Кореядағы Донгдук Қыздар университеті жанындағы Еуразия Түркі мемлекеттері институтының директоры, профессор Ынгёнг О ханымды қабылдады.
Академия басшысы Ш.Мустафаев профессор Ынгёнг О ханымның жетекшілігімен корей тілінде 8 томдық «Түркі гуманитарлық ғылымдар энциклопедиясының» жарыққа шығуын елеулі жаңалық ретінде бағалап, Түркі Академиясында атқарылып жатқан іргелі жобалар мен өткен жылдың жұмыс қортындылары туралы баяндап берді.
Өз кезегінде кореялық мейман Түркі Академиясының аталған энциклопедиялық еңбектің тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып, қолдау көрсеткеніне зор ризашылығын білдірді. Және Еуразия Түркі мемлекеттері институты туралы кеңірек мәлімет берді.
Тараптар кездесу барысында әріптестік байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Шаһин Мұстафаев мейманға Академия шығарған бірқатар ғылыми еңбектерді тарту етті. Бұдан кейін профессор Ынгёнг О ханым Түркі Академиясы музейінің және кітапханасының жұмысымен танысты.