Олжас Бектенов Бішкекте Қазақстан–Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысты
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров Бішкек қаласында өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысын өткізді.
Екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Көлік-логистика, өнеркәсіп, су ресурстары, энергетика және басқа да салалардағы өзара байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Үкіметаралық кеңес отырысы барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша тұрақты оң динамиканы атап өтті. Биылғы 9 айда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы $1,2 млрд-тан асты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға жоғары.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасымен серіктестікті нығайтуға зор көңіл бөледі. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қою нәтижесінде елдеріміздің өзара ықпалдастығы сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Біз достыққа, бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Қазақстан Үкіметі қазақ-қырғыз ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.
«Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нұрғожоұлы Жапаров Қазақстанмен достық әрі тату көршілік қатынастарды нығайтуға зор мән береді. Президентіміздің биылғы сәуір айындағы Қазақстан Республикасына ресми сапары тарихи сипат алып, қырғыз-қазақ қатынастарында жаңа дәуірді ашты. Биыл қол қойылған одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт қырғыз-қазақ ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және екі халық арасындағы ғасырлар бойғы бауырластық байланыстарды нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін», — деді Ақылбек Жапаров.
«Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен салу жөніндегі жобаны іске асыру 2030 жылға қарай өзара сауданы $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі бірлескен мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді. Кешен өңірдегі жүк ағындарын шоғырландыру, өңдеу және дистрибуциялау жөніндегі ірі орталықтардың біріне айналады. Оның іске қосылуы екі елдің экономикасының өндірістік кооперациясы мен интеграциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Кешенді салу үшін жер учаскелері бөлініп, Жамбыл облысының аумағында «Алатау» өңірлік индустриялық аймағы құрылды.
Бірлескен жеті өткізу пунктін жаңғыртуды көздейтін Қазақстан–Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап бұл жұмысты заманауи және автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйелерін енгізу арқылы жүргізуді жоспарлап отыр. Жалпы, осы жылдың 8 айында екі ел арасындағы жүктерді автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 4,1%-ға ұлғайып, 3 млн тоннаны құрады. Фискалдық қызметтер көлеңкелі тауар айналымын қысқарту және екіжақты уағдаластықтарды іске асыру бойынша сындарлы бірлескен жұмыс жүргізуде.
Бұдан басқа, өңірлік ынтымақтастықтың үлгісіне айналған және көліктік байланыс, туризмді дамыту, ауа сапасын жақсарту, денсаулық сақтау секторы, агробизнес, сондай-ақ климаттық өзгерістерге ден қою саласындағы бірқатар зерттеулер мен жобаларды бастаған «Алматы – Бішкек экономикалық дәлізі» (АБЭД) бастамасына назар аударылды.
Тараптар «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолын салу жөніндегі жобаны іске асыруға мүдделі екендігін атап өтті. Азия даму банкінің гранттары есебінен ұзындығы 280 шақырым болатын «Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата» жаңа бағытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі жұмысты бастау туралы шешім қабылданды.
Үкіметаралық кеңеске қатысушылар су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жоспарларды да қарады. 2024 жылғы суару маусымы үкіметтер қабылдаған бірлескен шаралардың арқасында сәтті өтті және осы бағытта жүйелі жұмысты жалғастыру ниеті айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, олардың арасында Үкіметаралық кеңестің 12-ші отырысының қорытынды хаттамасы, Ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі жол картасы, сондай-ақ Туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарына Қазақстанның меншік құқығын реттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.