Үкімет отырысында алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуға тиіс.
«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», – деді Олжас Бектенов.
Аталған мәселе Премьер-министрдің тікелей бақылауында.
Облыс әкімдеріне 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады, бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселе Премьер-министрдің бақылауында.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне, шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздің оңтүстік өңірлері бойынша су тапшы кезеңнің жалғасып жатқаны расталғанын: Шардара су қоймасына су келуі 43%-ға, Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі 3,8 млрд м3 төмендегенін баяндады. 2026 жылғы вегетациялық кезеңге болжамды су келуі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады.
Жамбыл облысында су қоймалары тек 41%-ға толды. 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалма: күріш пен мақта дақылдары жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте суды үнемдеуді қолдауға 228,1 млрд теңге қарастырылған.
Бұған дейін, 2025 жылдың шілде айында Премьер-министр оңтүстік өңірлердің әкімдеріне егінге қажетті судың ұтымды пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың рұқсатсыз егілуіне жол бермеуді және халықты сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін алдын ала шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тексеру қорытындысы бойынша ылғалсүйгіш дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.



