ҚоғамМәдениет

Нургиса Тлендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті

Қонаев қаласында қазақ музыкасының алып тұлғасы, композитор, дирижер, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.

Бұл шараға мәдениет өкілдері, өнерсүйер қауым және композитордың шығармашылығын құрметтейтін жандар жиналды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Қалалық Мәдениет үйінде өткен кеште Нұрғиса Тлендиевтің атақты күйлері орындалып, сүйікті фильмдер мен халық әндерінен танымал әуендер шырқалды. Мемориалдық музейдің көшпелі көрмесінде маэстроның 70-тен астам экспонаты, оның ішінде жеке заттары, қолжазбалары және домбырасы қойылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:

“Бүгінгі кеш – тек еске алу шарасы ғана емес, мәдениетімізді сақтау мен дәріптеудің маңызды белгісі. Жыл бойы өңірде Тлендиевтің 100 жылдығына арналған түрлі іс-шаралар өтеді. Оның есімі көшелерге, білім мекемелеріне беріледі, туған жерінде ескерткіш орнатылады. Біз ұлы тұлғаларымыздың мұрасын сақтап, ұрпаққа жеткізуіміз керек,” – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Ол Нұрғиса Тлендиевтің ұлттық музыканы дамытудағы ерекше рөлін атап өтіп, ЮНЕСКО-ның 2025 жылды “Нұрғиса Тлендиев жылы” деп жариялағанын хабарлады.

Кеште Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мәдина Сәдуақасова, Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сонымен қатар, актерлер Ерлан Біләл, Еділ Рамазан, Ақбота Рахат Нұрғиса Тлендиевтің өмірі мен өнеріне арналған өлеңдерді оқыды.

Композитордың музыкасы – бұл халықтың үні, тарихтың шежіресі. Оның “Аққу”, “Махамбет” күйлері, “Құстар әні” сынды туындылары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қазақ музыкасының алтын қорында мәңгі сақталады.

TuraNews

Back to top button