Алысқа бармай-ақ қояйық, тіпті, көрші Өзбекстан пандемиядан кейін алыс-жақын елдерден туристерді тарту үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Самархан, Бұхара секілді көне шаһардағы тарихи-мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне ұсынғаны белгілі. Енді өзге қалаларына да да туристерді келтірудің амалын жасап жатыр. Соның бір дәлелі ретінде біздің елге қатынайтын туристік автобустар бағытын реттеп жатқанын айта кетсек болады.
Жақында Қазақстан мен Өзбекстан арасында тұрақты туристік автобустар қатынайды.
Бұл көліктер Түркістан қаласы мен Өзбекстанның астанасы орналасқан облыстың әкімшілік орталығы Нұрафшанды байланыстырады. Болжам бойынша автобустар бір жыл ішінде 10 мың туриске дейін тасымалдай алады.
«Облысымызға туристік ағынды арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының көршілес Түркістан облысы мен Нұрафшон қаласын байланыстыратын тұрақты туристік автобусты іске қосу туралы келіссөз жүріп жатыр», — деп хабарлады Ташкент облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы мақсатта «Алтын сақина» концепциясы аясында бескүндік маршрут жасалады. Оған туристік әлеуеті жоғары Бостандық, Паркент, Зангиота, Ахангаран, Шыназ аудандары мен Ангрен кіреді. Кейінірек маршрутқа облыстың басқа да аудандары қосылады.
Ал біздегі туризм қалай дамып жатыр немесе туристер ағынын қалай көбейтуге болады?
Бұл сұрағымызды «Kaz Alpine Сlub» қоғамдық бірлестігі басқарманың төрағасы Тимур Дүйсенғалиевке қойған едік.
«Туристер бәрін көргісі келеді. Ұлтық тағамдарды даярлау салтына қатты қызығады. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, туристердің 30 проценті шетелге шығардың алдында сол елдің тамағын зерттейді. Сосын олар жаңа бір ортаны іздейді. Мәселен, қазақтың тойына қатысып, баланың тұсаукесерін көргісі келеді. Қыз ұзатудың да эмоциясы бөлек. Осының бәрін көрсету керек. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қаншама. Туристер биік ғимараттар мен қымбат көліктерге қызықпайды. Оларға жаңа орта, жаңа эмоция керек», — деп атап көрсетті Тимур Дүйсенғалиев.
Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, шетелде қонақты қазақ сияқты күте алмайды. Ол жақта, көбінесе, сыртқы туристік қызметтерді дамытуға басымдық береді. Ал қазақ халқы қонақты өз үйінде жақсы қарсы алады, келген адамды риза қылып жібереді. Туристер таң қалып, тамсанып кетеді. Алайда көшеге шыққаннан кейін көтеріңкі көңіл-күйлері су сепкендей басылады.
«Алыс елден ат терлетіп келген шетелдіктер көшеде жүрген халықтың ізгі ниеті мен сыпайы қарым-қатынасын бірден сезеді. Дәл осы мәселені туристерді тартудың басты ресурсы деуге болады. Қазақстанға туристерге көптеп келсін десек, шекарашыдан бастап таксист пен көше сыпырушыға дейін, тіпті, жай көшеде бір нәрсеге көмектесетін адамға дейін барлығы ізгі ниеттерін көрсетуі керек. Сонда турист те, ақша да келеді. Бізге туристік мәдениетті көтеру керек», — дейді Дүйсенғалиев
Расында біздің елде туризмді дамыту үшін тума табиғат та, өркениетті мәдениет те, көне салт-дәстүр де бар. Жеріміз байтақ. Тек инфрақұрылым мәселесі толық шешілмей тұр. Қызмет көрсету дәрежесі де төмен. Содан ол туристтер көп келмейді, келсе де көп аялдамайды.
Дегенмен айта кететін бір жайт, Қазақстанда ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылды. 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысына сай ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға көп.
Осы жерде ауыз толтырып айтуымызға болады. Біздің мемлекет тарихи және мәдени мұраға да бай, тұмса табиғатқа тұнған ұлан-байтақ аумаққа да. Бұл дегеніміз мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік және басқа да туризм түрлерін дамытуға алғышарт екені анық. Ендеше әр қырын дамыту арқылы туристерді тартуға зор мүмкіндік беретін еліміздегі тарихи, тылсым мекендерді таныта білейік.