NASA айға «Артемида» зымыранын ұшырды
АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі Флоридадағы Канаверал мүйісінен тарихтағы ең қуатты SLS («Ғарышқа ұшырылым жүйесі») зымыранын ұшырды. Бұл адамды Айға қайтаруға арналған жаңа америкалық бағдарлама – «Артемида» (Artemis), деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Бұл пилотсыз ұшырылым болды, миссияның мақсаты – технологияны тексеру және 2024 жылы «Артемида-2»-ні экипажбен бірге ұшыру.
100 метрлік зымыран келешекте ішінде ғарышкерлер болатын «Орион» капсуласын Айға қарай шығаруы тиіс. Адамдар соңғы рет Айға 1972 жылы желтоқсанда «Апполон-17» миссиясының ұшырылымы кезінде қонған еді.
Желтоқсан айында NASA «Аполлон-17» ұшырылымының 50 жылдығын атап өтеді.
Ұзақ үзілістен кейін және толығымен жаңадан жабдықталған Айдың жаңа бағдарламасының бірінші ұшырылымы пилотсыз болады. Ұшырылым технологиялардың тиімділігін тексеруге бағытталған.
Бұл – «Артемиданы» ұшыруға жасалған үшінші әрекет. Техникалық себептерге байланысты қыркүйек пен қазан айларында ұшырылымдар кейінге қалдырылған еді. Инженерлер зымыранның негізгі сатысының барлық төрт үлкен қозғалтқышы ұшуға толық дайын екеніне сенімді болмады.
Бұл жолы зымыран Кеннеди ғарыш орталығынан жергілікті уақыт бойынша 01:47-де (Гринвич бойынша 06:47) ұшып кетті.
«Орион» кемесі 26 күн жолда болады. Әзірлеушілер кеменің мүмкіндіктерін тексере алуы үшін экипаждың 2024 жылғы миссиясы 21 күнге созылады деп болжануда.
Миссия кезінде Ай бетіне ең жақын қашықтық – 100 км, ең алыс – 70 мың км. Кеме 11 желтоқсанда Жерге оралады.