Әлем
Мысыр астанасы Каирде ғимарат құлап, 10 адам қаза тапты
Мысыр елінің астанасы Каир қаласында көпқабатты ғимарат опырылып, 10 адам көз жұмды, тағы 8 адам жарақат алды. Әзірге үйінді астында қалған бірнеше адамның тағдыры белгісіз.

«Al-Akhbar Al-Youm» басылымының хабарлауынша, Кирдаса жұмысшылар ауданында орын алған қайғылы оқиға орнына шұғыл түрде жедел жәрдем көліктері мен құтқарушылар жеткен. Азаматтық қорғаныс топтары жоғалып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Куәгерлердің мәліметінше, ғимараттың құлауына газ баллонының жарылысы себеп болған. Қазіргі таңда полиция оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
26 миллионнан астам халқы бар Каир қаласында құрылыс нормаларының сақталмауы, ғимараттардың сапасыз салынуы жиі кездесетін мәселелердің бірі.
Соңғы жылдары қалада осындай бірнеше апатты жағдайлар тіркелген.