«Мүкжидек шербеті» жұлдызы Догукан Гюнгөр есірткі ісі бойынша ұсталды
Түркия құқық қорғау органдары шоу-бизнес пен медиа өкілдеріне қатысты ауқымды арнайы операция жүргізуде. Ұсталғандар арасында танымал телехикая жұлдыздары мен продюсерлер бар.

Ыстамбұл прокуратурасының мәліметінше, 5 қаңтарда төрт бірдей қалада (Ыстамбұл, Измир, Денизли, Мугле) есірткі қылмысына қатысты тінту шаралары өткен. Операция нәтижесінде «Мүкжидек шербеті» (Kızılcık Şerbeti) сериалында Фатих рөлін сомдаған Догукан Гюнгөр, әнші Аля Шахинер және танымал менеджер Халук Шентүрік бастаған 23 күдікті қолға түсті.
Негізгі айыптар: Күдіктілерге есірткі заттарын сақтау, қолдануға ықпал ету, сондай-ақ жезөкшелікке тарту және делдалдық жасау баптары бойынша айып тағылуда.
Бұл іс бойынша бұған дейін де медиа саласының тұлғалары, атап айтқанда Habertürk TV бас директоры Мехмет Акиф Эрсой қамауға алынған болатын. Прокуратура қоғамдық мораль мен отбасы құндылықтарына қауіп төндіретін бұл қылмыстық іс бойынша тергеуді жалғастыруда.



