Елімізде 100 876 адам мүгедектігі бар баласына күтім көрсеткені үшін жәрдемақы алады.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Turanews.kz порталы.
«2010 жылдан бастап мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасыларды қолдау үшін анасына немесе әкесіне, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізілген. Ол отбасының табысы есепке алынбай төленеді. Ал 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдар үшін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көзделген. Жәрдемақы мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес индекстеледі (2023 жылы – 56 794 теңге).
Жыл басынан бері жәрдемақы алушылар саны орта есеппен 100 876 адамды құрады. Республикалық бюджеттен 17,5 млрд теңге төленді», — деп жазылған жауапта.
Министрдің мәліметі бойынша, халықты әлеуметтік қорғау саласында мүгедектігі бар адамдарға туындаған әлеуметтік проблемаларды шешу және қоғам өміріне тең жағдайларда қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін арнайы әлеуметтік қызметтер қарастырылған.
Олар:
- әлеуметтік-тұрмыстық,
- әлеуметтік-медициналық,
- әлеуметтік-психологиялық,
- әлеуметтік-педагогикалық,
- әлеуметтік-еңбек, әлеуметтікмәдени,
- әлеуметтік-экономикалық,
- әлеуметтік-құқықтық қызметтер) стационар,
- 3 жартылай стационар (күндізгі болу бөлімшелері,
- оңалту орталықтары.
«Бүгінгі таңда республика бойынша мемлекеттік секторда осындай 85 бөлімше және мемлекеттік емес сектордың 121 бөлімшесі жұмыс істейді. Қабылданған шаралар отбасы құрамында мүгедектігі бар адамдары бар ата-аналарға (қамқоршыларға) отбасылық дәстүрлерді, сондай-ақ қартайғанда лайықты (қамтамасыз етілген) өмірді нығайтуға ықпал етеді. Бұдан әрі балалы отбасыларды, оның ішінде мүгедектігі бар отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесі елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жетілдіріледі», — делінген жауапта.